"Бір адам істеді, бір адам мойнына алсын" деді": Абзал Шынасыл тергеу алдында қылмысты қалай бөлісіп алғанын айтты

0
119

Сонымен қатар ол төбелестен соң Дана Жақсыкелдінің оған қан болған пышақты жуып беруге, dizzy сусынын құйып бергенін айтып берді.


Фото: Видеодан скрин / Айыпталушы Абзал Шынасыл

ERNUR.KZ. 21 мамырда Шерзаттың өлімі бойынша Талдықорғандағы сот отырысында басты күдіктілердің бірі Абзал Шынасыл куәлік берді. Сотта ол төбелеске қатысқандардың тергеу алдында келісімге келіп, қылмысты өз мойнына алатынын айтқан, деп жазады stan.kz.

Абзал Шынасылдың адвокаты оның алдын ала тергеудегі 16-томда "Шерзатқа пышақты мен сұғып алдым" деген жауабын еске түсіріп, қылмысты неліктен мойнына алғанын сұрады.

"Қылмысты мойныма алған себебім бар. Талғарда полиция басқармасында болғанда тергеушілер "бір адам істеді, бір адам мойнына алсын. Әйтпесе, бәріңе қиын болады. Ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде кетесіңдер" деді. Сонымен бізді Қонаев қаласына кезек-кезегімен алып кететін болды. Газельмен алып кетіп бара жатқанда Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Азамат Тоқтаубаев төртеуіміз сөйлестік. Сол кезде Равиль Сакиев "бұны біреу істеді, мойындасын. Әйтпесе бәрімізге қиын болады" деп айтты. Сол кезде менде пышақ болғаннан кейін, өзімді қылмыс жасамадым деп, жасырғандай болмайын дедім. Іштей мен алсам, ала салайын деген ой болды. Қапшағайдағы тергеу изоляторына апармай тұрып, басымыз қосылып, сөйлесіп үлгеріп қалдық. Мұнда тағы Нұрбол Тоқтаубаев маған "сенде пышақ болды ғой" дегенде, мен оған "Шерзатты, мен мойныма аламын" деп бірден айттым. Ал Нұрқанаттың жамбасына тығылған пышақты Шыңғыс тықты деп келіскен дедік. Полиция департаментінде де осы келіскендегідей айтып бердік. Тергеушіге де осылай айттым”, – деп Абзал Шынасыл куәлік берді.

Тергеу барысында тергеушілер оқиға орнынан бір емес, екі пышақ табылғанын мәлімдеді. Алайда Абзал бұл ақпаратқа толық сене қоймағанын айтты. Кейін Абзал Шынасыл қазан айында берген алғашқы жауабына қанағаттанбайтынын, сондықтан екінші рет желтоқсан айында шынайы жауап бере алатынын жеткізген.

“Пышақ кірсе менікі кіріп кеткен шығар деп, көп ойланған жоқпын. Ол мылтық атқаннан кейін ашу-ызаға түсіп, Нұрқанаттың жамбасына пышақ тықтым. Оны мойындаймын. Ол үшін қазір өкінемін. Оны өлтіру мақсатында тыққан жоқпын. Құйымшақтың жұмсақ жер екенін біліп тұрдым. Барғанда етбетінен жатты. Содан пышақты екі-үш сантиметр етіп ұстап, жамбасынан ұрып жібердім. Бәрі кеттік-кеттік деді, сосын кетіп қалдық. Кейін ойлана келе, Шерзатқа пышақ салған емеспін деп айтқым келеді. Ал Нұрқанатқа пышақ сұққанымды мойындаймын”, – деді Абзал Шынасыл.

Сонымен қатар ол төбелестен соң Дана Жақсыкелдінің оған қан болған пышақты жуып беруге, dizzy сусынын құйып бергенін айтып берді.

Айта кетейік, Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау) айып тағылған. Сотта Абзал Шынасыл түрін көрсетіп, видеоға түсіруге рұқсат берді.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың 16 мамырында Шерзаттың қазасына байланысты өткен сот отырысында күдікті Шыңғыс Белқожаевтан жауап алынды. Ол сотта Нұрқанатты сақалдысы деп ойлап, шын мәнінде Шерзатты ұрып, тепкенін мойындады. Оқиғадан кейін ол көлігімен кетіп қалып, ішінде жатқан мылтықты байқап, оны жол жиегіне лақтырып жібергенін айтты. Белқожаевтың сөзінше, өз қолында тек бәкі болған, ал Қаржаубай дүкеннен асүй пышағына ұқсас пышақпен шыққан. Сонымен қатар Нұрқанаттың екінші рет оқ атқанын көргенін де айтты.