"Бір пәтерге 937 шетелдік тіркелген": Сенатор елде заңсыз мигранттардың көбейгенін айтты

0
295

Шетелдіктермен неке қию және ажырасу фактілерін неғұрлым жіті тексеру ұсынылды.


фото: ru.reestrgos.com

ERNUR.KZ. Сенатор Бибігүл Жексенбай Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында елдегі заңсыз көші-қонның өсуіне алаңдаушылық білдірді, деп жазады inbusiness.kz.

Қазақстан географиялық жағдайына орай заңсыз көші-қонның трансұлттық арналар санатына жатады.

"Бүгінде елімізде ресми мәлімет бойынша 300 мыңға жуық еңбек мигранты бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қазір тек 13,2 мың шетел азаматы ресми түрде жұмыс істейді. Бас прокуратура мәліметінше, тек биылдың өзінде 82,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 965 шетелдіктің қылмысы әшкереленген. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 1,2 мың жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді сенатор.

Бибігүл Жексенбай еңбек мигранттарының басым бөлігінде жұмысқа шақыру рұқсат қағазы жоқ.

"Бас прокуратура дерегінше, шекараны заңсыз кесіп өткен 20 пәкістандық ұсталса, Қарағанды облысында жалған еңбек шартын, медициналық анықтамаларды жасап, заңсыз есепке қойған халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емдеу мекемелерінің қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топ анықталған. Прокурорлар жалған мекенжайлар мен "резеңке" пәтерлерде тіркелген 22 мың шетелдікті анықтағанын жария етті. Астанадағы тек бір ғана отбасы тұрған пәтерге 937 шетелдік тіркелсе, Алматы облысында осындай 13 мың факті тіркелген. Мұндай тексерулер Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында жүргізілсе, бұл көрсеткіштер еселеп өсуі әбден мүмкін екені айқын", – деп атап өтті Сенат депутаты.

Халықаралық миграция ұйымының есебінше, жыл сайын елімізге 3,7 миллионнан аса шетел азаматтары әртүрлі себептермен келеді. Сенатордың айтуынша, олардың қаншасы Қазақстанда қалып, қаншасы кеткенін ешкім нақты айта алмайды.

"Заңды және заңсыз мигранттардың Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысында жинақталуы әлеуметтік-экономикалық қана емес, қауіпсіздік мәселелерінің туындауына да әкелуі мүмкін. Миграция ағынының күшеюі жағдайында көші-қонды бақылап қана қоймай, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ететіндей бағыттау қажет", – деп жалғастырды Бибігүл Жексенбай.

Сенатор осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс тастады.

"Заңсыз келген мигранттың белгілі бір көлемде айыппұл төлеп, заңды жұмысқа тұру мүмкіндігін қарастыру қажет. Екіншіден, заңсыз миграцияның алдын алу үшін шекара бекеттерін күшейтіп, жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек", – деді ол.

Депутат заңсыз көші-қон мен адам саудасын ұйымдастырушыларға, жалған құжат жасаушыларға барынша қаталар жаза қарастыру қажет деп есептейді. Бұдан басқа тұруға ықтиярхат алу мақсатында шетелдіктермен қиылған жалған некелердің алдын алу үшін шетелдіктермен неке қию мен ажырасу фактілерін неғұрлым жіті тексеру де ұсынылды.