Бүгін Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесі жалғасып жатыр.
Фото: zhogargy sot
ERNUR.KZ. Сотта Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтардың анасы сөз алды, деп жазады inbusiness.kz.
Ол ең бірінші Шерзаттың отбасынан, ата-анасынан кешірім сұрады. Сондай-ақ, төбелеске тікелей Қаржаубай Нұрымовтың түрткі болғанын еске салды.
– Болған жайт, әрине бәріміз үшін өкінішті. Бұл оқиғада ешкім қасақана барып, адам өлтірген жоқ. Бәрі аяқ асты болған жағдай. Біріншіден, менің айтарым оқиғаның басталуына жәбірленуші Нұрымов Қаржаубайдың өзі түрткі болған. Бұл бейнежазбада көрініп тұр. Сол жерде төрт адам жүр. Балалар бармай тұрып, әжесі, анасы, ағасы және әкесі Қаржаубай жүр. Жалғыз Шерзатты қорғай алмағандары ма?
Нұрбол (Тоқтаубаев) мен Дарханның (Әскентай) жарақат алғанына қарамастан, пышақ алып қарсы шығып жүр. Осындай жағдай баланың өліміне алып келді. Нұрбол Дархан Әскентайды алып кету үшін барған. "Ақша төлемеді" деген сылтаумен Қаржаубай өзі осындай төбелеске итермелеп тұр. Үйінде жатқан інісін шақырып алады. Шерзат достарын шақырып алады. Сонда неге 102-ге өздері хабарласпаған? Мені сол ой мазалайды. Видеодан Нұрболдың іс-әрекеті көрініп тұр. Бұл жәбірленуші тараптан айтылғандардың да көбі – өтірік. Бұл – біздің балаларымыздың тағдыры, – дейді ол.