Бір сұрақ қойсаңыз жеткілікті: Қазақстанда AI көмекшісі іске қосылды

0
118

AI TALDAU-дың басты ерекшелігі — статистикалық ақпаратты диалог форматында алу мүмкіндігінде.


Бір сұрақ қойсаңыз жеткілікті: Қазақстанда AI көмекшісі іске қосылды

Фото: Kazinform/Freepik

ERNUR.KZ. Ұлттық статистика бюросы AI TALDAU көмекшісін іске қосты, деп жазады inform.kz.

Енді қажетті статистикалық деректерді алу, өңірлер көрсеткіштерін салыстыру және олардың серпінін талдау жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылады. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы «Талдау» жаңартылған ақпараттық-талдамалық жүйесінде AI TALDAU интеллектуалды көмекшісін іске қосты.

AI TALDAU-дың басты ерекшелігі — статистикалық ақпаратты диалог форматында алу мүмкіндігінде. Пайдаланушыларға қажетті көрсеткіштерді көптеген кестелер мен бөлімдерден өз бетінше іздеудің қажеті жоқ. Қажетті деректерді алу үшін сұрақ қою жеткілікті.

Мысалы «Павлодар облысында соңғы бес жылда орташа жалақы қалай өзгерді?» немесе «Қазақстан өңірлері бойынша халық санын салыстыр» деген сұрақтар қоюға болады. AI TALDAU тиісті көрсеткіштерді тауып, деректерді салыстырады, олардың динамикасын көрсетеді және негізгі үрдістерді анықтауға көмектеседі.

Сұрау нәтижесі кестелер, графиктер, диаграммалар және талдамалық материалдар түрінде ұсынылады. Қажет болған жағдайда пайдаланушы сұрағын нақтылап, толығырақ ақпарат ала алады.

Интеллектуалды көмекші қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс жасайды. Дайын материалдарды PDF, Word, PowerPoint және Excel форматтарында сақтауға болады.

AI TALDAU-ды іске қосумен қатар «Талдау» жүйесінің өзі де жаңартылды. Жүйенің дизайны мен навигациясы өзгертіліп, деректерді іздеу және талдау құралдары жетілдірілді.

Пайдаланушыларға өңірлер, кезеңдер және басқа да талдамалық параметрлер бойынша егжей-тегжейлі статистикалық ақпарат қолжетімді. Жүйеде кестелерді өз бетінше қалыптастыруға, графиктер мен диаграммалар құруға, көрсеткіштерді салыстыруға және нәтижелерді жеке кабинетте сақтауға болады. Сонымен қатар деректерді одан әрі өңдеу және талдамалық жүйелерде пайдалану үшін машина оқитын форматтарда жүктеу мүмкіндігі қарастырылған.

— AI TALDAU көмегімен бірнеше сағат жұмсап іздейтін ақпаратты енді бірнеше секундта алуға болады. Сұрақ қойсаңыз жеткілікті, жүйе жарияланған ресми деректер негізінде жауап ұсынады. Мен бұл жобаны ұлттық статистиканы дамытудың перспективалы бағыттарының бірі деп санаймын. Біз ресми статистиканың әрбір адамға қолжетімді әрі түсінікті болуына, ал технологиялардың уақытты үнемдеуге және сапалы ақпарат негізінде шешім қабылдауға көмектесуіне ұмтылуымыз керек, — деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Жаңартылған «Талдау» жүйесі мен AI TALDAU интеллектуалды көмекшісі азаматтарға, кәсіпкерлерге, журналистерге, зерттеушілерге, талдаушыларға және мемлекеттік органдарға арналған.

Осыған дейін Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік органдар мен компаниялардың деректерін, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды жоспарлап отырғанын жазғанбыз.