​Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір сөздердің қисынсыз аудармасына қатысты пікір білдірді

0
120

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі.


​Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір сөздердің қисынсыз аудармасына қатысты пікір білдірді
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін дамытуда шектен тыс жасанды сөзжасамға жол бермеу керегін айтты. Президент кейбір шет тілінен енген сөздердің қазақша баламасы сәтті аударылмағанын айтты.

Сонымен қатар тілге жаңа атаулар енгізгенде олардың өміршеңдігі мен қолданысқа қолайлылығын ескеру керегін жеткізді.

“Қазақ тіліне бұрын сирек қолданылған немесе мүлде болмаған көптеген жаңа сөз сіңіп, күнделікті қолданысқа енген. Олардың қатарында “тұжырымдама”, “қағидат”, “еңбек өтілі”, “шәкіртақы”, “жанармай”, “көгалдандыру”, “босқын”, “ғарыш”, “зымыран”, “ғаламтор”, “тікұшақ”, “жасанды сана” және “сынып” сияқты сөздер бар”, – деді президент.

Президент мұндай өзгерістерді оң бағалағанымен, кейбір жасанды аудармалардың керек екеніне күмән келтірді.

“Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, “күйсандық” (пианино), “қылтима” (балкон), “субұрқақ” (фонтан), “себезгі” (душ), “қырыққабат” (капуста), “үнқағаз” (газет), “жеделсаты” (лифт), “желкөз” (форточка) және тағы басқа жасанды сөздердің керегі екіталай сияқты”, – деді ол.

Сонымен қатар Тоқаев соңғы уақытта діни тақырыпта араб сөздерін жиі қолдану үрдісіне назар аударды.

“Мұның да қажет екеніне күмән бар. Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер. Сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет. Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды. Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын”, – деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы жұмыс тобының қызметін үйлестіруді Президент әкімшілігіне жүктеді.