Бастапқыда тізімде болған кейбір ауру түрлері соңғы сәтте алынып тасталды.
ERNUR.KZ. Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдеріне ЭКО жасатуға болмайды. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бастапқыда тізімде болған кейбір ауру түрлері соңғы сәтте алынып тасталды. Қазіргі уақытта біз бүкіл тетігін пысықтап жатырмыз», - деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Осы ретте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева тізімнен ЭКО жасату процедурасының неліктен алынып тасталғанын түсіндірді.
Оның айтуынша, биыл елімізде «Аңсаған сәби» атты арнаулы бағдарлама іске қосылды. Осыған орай жыл сайын Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 1 мың квтота бөлу жоспарланған.
«Биыл квота саны 7 есеге артып, 7 мыңға жетті. Сондықтан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бұл қызметтер критерийлерге сәйкес мұқтаж отбасыларға көрсетіледі. Алдағы уақытта қараймыз. Егер шынымен де мұндай қажеттілік болса, онда бұл мәселені аталған тізімге қосуды қарастырамыз», - деді Гүлнар Сәрсенбаева.