Прокурор Айжан Аймағанова Бишімбаевтың іске қатысы жоқ мәліметтерді жариялауға қарсы екенін мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Экс-министр Қуандық Бишімбаев марқұм Салтанат Нүкенованың әкесі психикалық ауруға шалдыққанын мәлімдеді. Бірақ жәбірленушілер оның сөзін жоққа шығарды. Ал прокурор мен қорғаушы адвокат сөзге келіп қалды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Бүгінгі сотта Бишімбаевқа сөз берілді. Сол кезде судья оған бірнеше рет ескерту жасады. Себебі ол тағылған айыпқа қатысы жоқ әңгімені айтып кетті. Ал біршама уақыттан кейін Салтанаттың "сырын" жайып салды.
Осы кезде прокурор Айжан Аймағанова іске қатысы жоқ мәліметтерді жариялауға қарсы екенін мәлімдеді. Ал судья Айжан Көлбаева Бишімбаевқа тағы ескерту жасады. Сотта айтылған барлық мәселе тек нақты іске қатысты болуы керек. Бірақ Бишімбаев қайтпады, тағы психологиялық ауру туралы айта бастады. Прокурор оны тағы тоқтатты. Ал Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова оған қарсы шықты. Екеуі сөзге келіп қалды. Бишімбаев тоқтаған жоқ. Сол кезде прокурор оның алқабилерді жаңылыстыруға тырысып жатқанын айтты.
"Бишімбаев бұны сотқа дейнгі тергеу кезінде айттым дейді. Ол бес рет жауап беруден бас тартты. Бес рет. Сонда қашан айтты? Алқабилерді жаңылыстырмасын", - деді прокурор Аймағанова.
Жәбірленуші тарап алқабилерге анықтаманы ұсынды. Оған сәйкес, Салтанаттың әкесі психикалық аурумен есепте тұрмаған. Ал прокурор мен адвокат судьядан ескерту жасады. Себебі екеуі сот залында бір-біріне дауыс көтерді.
Ал Бишімбаев сөзін жалғастырды, біршама уақыттан кейін Салтанатқа арнайы дәрі сатып алып бергенін айтты.