Бишімбаевтың ісі Қырғызстанда да қалың жұртшылықтың назарын аударды

0
494

Қайғылы оқиға адамдардың әлеуметтік жағдайы мен материалдық әл-ауқатына қарамастан зорлық-зомбылық құрбаны бола алатынын көрсетті.


Бишімбаевтың ісі Қырғызстанда да қалың жұртшылықтың назарын аударды

ERNUR.KZ. Қырғызстанда жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша сот процесін жұртшылық жіті бақылап отыр. Бұл оқиға Қазақстанда да, Қырғызстанда да өзекті болып отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің жарқын мысалы болды. Бұл туралы «Тандем» заң қоғамдастығының директоры, заңгер, Қырғыз Республикасының қоғам қайраткері Тәттібүбү Эргешбаева мәлімдеді, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға адамдардың әлеуметтік жағдайы мен материалдық әл-ауқатына қарамастан зорлық-зомбылық құрбаны бола алатынын көрсетті. Осы орайда, қазір Қазақстанда өтіп жатқан Бишімбаевтың ашық сот отырысы Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Орталық Азия мемлекеттері мен ТМД үшін жарқын үлгі бола алады.

«...Сот отырысын ашық өткізу – адам құқықтарын қорғау қызметі мен сот төрелігі институты үшін үлкен жетістік. Қазір қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдерді азаптау, әйелдерге қатысты тең емес психикалық әрекеттер осы іс арқылы айтылып, әлеуметтік желілерде Салтанат Нүкенованы қорғауға үлкен қолдау көрсетіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл әйелдер ынтымақтастығы да дамып келе жатқанын аңғартады. Бұл іс Қырғызстанға да ерекше әсер етті деп есептеймін. Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Шарапатқан Мажитова парламентте тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілері үшін жауапкершілікті күшейту үшін қылмыстық және әкімшілік кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Әрине, Қырғызстанда азаптау, денсаулыққа зиян келтіру және адамның өмірінен айыру жағдайлары бойынша жауапкершілікке тартылатын нормалар бар. Бірақ осы істің арқасында әкімшілік жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр. Бұл өте жақсы, мұны парламентшілер де, қарапайым халық та бақылап отыр. Салтанат Нүкенованың қазасы әрбір ер- азаматқа тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға болмайтынын ойлауға және әр әйелдің рухы жоғары болуы тиіс екенін үйреткендей болды», - деді Тәттібүбү Эргешбаева.

Қоғам қайраткері Бишімбаев ісінің төңірегіндегі резонанс тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің маңыздылығына және зорлық-зомбылық құрбандарын тиімді қорғауға, сондай-ақ олардың дер кезінде көмекке жүгініп, мемлекет пен қоғамнан қолдау алуына жағдай жасау қажет деп санайды.

«Мен Орталық Азия елдерінде осындай прецеденттердің көтеріліп жатқанына қуаныштымын. ...Орталық Азия елдерінде сот төрелігін орнатудағы кез келген оң динамика біздің елдердегі жағдайға жақсы әсер етеді», - деп атап өтті заңгер.

Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Шарапатқан Мажитова парламент отырысының бірінде Қырғызстандағы отбасылық және сексуалдық зорлық-зомбылық фактілерінің көбеюін талқылау кезінде көтеріп, Бас прокуратураға бұл мәселені шешуді ұсынған болатын. Қырғыз Республикасы Қазақстанда биыл сәуір айында қабылданған «Салтанат» заңына ұқсас заң әзірлеуге бастамашы болды.

Ол Қазақстанда әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты бір айдан бері ашық түрде өтіп жатқанын айтты.

«Қазақстанда кәмелетке толмаған балалар мен әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін «Салтанат заңы» қабылданды. Қырғызстанда да осындай заң қабылдау қажет. Өйткені зорлық-зомбылық фактілері жыл сайын артып келеді», - деді депутат.