Биыл 940 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтылады

0
453

Өңірлік карта шеңберінде жүзеге асырылады.


Биыл 940 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтылады

Екі қолға бір күрек таппай, әлеуметтік жәрдемақыға қарап отыратын азаматтар өздерінің өмірлеріне ғана емес, тұтас мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуына кері әсерін тигізетіні анық. Сол себепті елімізде әсіресе соңғы жылдары жұмыссыздарды еңбекке араластыруға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобалар іске қосылып, бүгінде оң нәтижесін беріп келеді. Бұл сөзіміздің бір дәлелі – 2024 жыл басталғаннан бүгінгі күнге дейін 500 мыңнан астам қазақстандықтың арнайы бағдарламалар арқылы еңбекке араласқандығы. Жалпы, бұл саладағы жұмыстар қандай тетіктер арқылы атқарылып жатыр және биыл жұмыспен қамтуды жетілдіру мақсатында нендей істер қолға алынды? Бүгін осы бір сауалдарға жауап беріп көрелік.


Жыл басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ведомствосының ресми өкілдері жұмысқа орналастыру іс-шараларын жетілдіру мақсатында қазір көптеген тұрғынның мәселесін шешуге мұрындық болып отырған еңбек мобильділігі орталықтарын жандандыру жалғаса беретінін мәлім еткен болатын. Тиісінше, бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет отырысында берген тапсырмаларына сәйкес атқарылып жатыр. Бұл тұрғыда аталған жұмыс процесінде цифрлық жүйе қолданылатыны да айтылған болатын.


Министрліктің мәліметіне сүйенсек, аталған бағыттағы жұмыстарды іске асыру аясында уақытша емес, тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіп бастағысы келетін азаматтарға, оның ішінде жастарға мемлекеттен берілетін қайтарымыз гранттар мен шағын несиелерді берудегі әділеттілікті сақтау, бос жұмыс орындарына бірінші кезекте мұқтаж жандарды орналастыруға басымдық беріліп жатыр. Сәйкесінше, аталған бағыт бойынша қолға алынған жаңа форматтағы жұмыстар Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында сынақтан өткізілді.


Сондай-ақ, бүгінгі таңда министрлік тарапынан жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және көші-қон мәселелеріне септігін тигізетін сандық жүйелер де жолға қойылған. Ол электронды жүйелер негізгі еnbek.kz платформасы аясында қалыптастырылған. Сәйкесінше, бұл жүйелер арқылы бос жұмыс орындарын ұсыну және табу, құжаттарды электрондық жүй арқылы жүргізу жұмыстары оңтайландырылған.


Мәселен, сareer.еnbek.kz жүйесі арқылы азаматтарға қолданыстағы кәсіп түрлері, белгілі бір кәсіп иелерінің қандай іспен айналысатындығы, белгілі бір кәсіп үшін қандай білімнің қажет екендігі, аталған саладағы орташа табыс көлемі және кадр жетіспеушілігі секілді пайдалы ақпараттар ұсынылады. Ал, SKILLS.еnbek.kz деп аталатын портал арқылы адамдар онлайын форматтағы оқу курстарына қатысып, өздері қалаған кәсіпті меңгеріп, оқығаны жайында сертификат та ала алады. Business.еnbek.kz платформасы болса, қандай да бір кәсіппен айналысқысы келетін адамдар үшін мемлекеттен бөлінетін қаржылай гранттарға ие болу процесін атқаруға, нақтырақ айтсақ грантқа өтінім беру кезеңінен ие болуға дейінгі жұмыстарды жеңілдетуге жағдай жасайды. Migration.еnbek.kz порталы болса, атауы білдіріп тұрғандай көші-қон саласындағы жұмыстарға жауап береді.


Ендігі кезекте жұмыспен қамту бағытындағы бағдарламаларды атап өтер болсақ, олар – субсидияланатын жұмыс орындары, әлеуметтік жұмыстар, «Жастар практикасы» бағдарламасы,қоғамдық жұмыс, алғышқы жұмыс орны бағдарламасы, «Ұрпақтар келісім шарты» және жасы елуден асқан адамдарға арналған «Күміс жас» бағдарламасы. Одан бөлек, азаматтарды бүгінгі таңда мол сұранысқа ие болып тұрған мамандықтар бойынша оқыту, белгілі бір кәсіпке баулу сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, биыл әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарға жататын азаматтардың бизнеске арналған бастамаларын қолдау мақсатында жалпы сомасы 1 476 800 теңгелік 9000 грант, ал жас кәсіпкерлерге жылдық үстемесі 2,5 пайызды құрайтын 5796 шағын несие беру жоспарланған.


Осы істердің нәтижесінде қазір Қазақстанда жұмыспен қамту жұмыстары жан-жақты әрі жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы айының өзінде алпыс мыңнан астам азамат жұмыспен қамту іс-шараларымен қамтылып, 53 мыңға жуығы игілігін көрсе, 1 наурыздағы жағдай ойынша бұл көрсеткіш екі есеге көбейген. Алғашқы тоқсанда бұл меже 140 мыңнан асса, соның ішіндегі жұмыспен қамтылған 20 мыңнан аса азамат мүгедектігі бар ретінде әлеуметтік санаттарға жатады.


Биылғы жылдың алғашқы алты айын қорытындылаған ресми мәліметке сүйенсек, 315 мыңнан аса азамат жұмыспен қамту іс-шараларына қатысып, соның 230 мыңнан астамы жұмыспен қамтылыпты. Оның 100 мыңға жуығы тұрақты жұмыс тапқан. Ал, тоғыз айдың қорытындысына сәйкес, 403 мыңнан аса адам және бүгінгі күнге дейін 450 мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылған екен. Одан бөлек, әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарға жататын тоғыз мыңға жуық азаматтың әрқайсысына 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант тағайындалған.


Сондай-ақ, елімізде әйел азаматтарды жұмыспен қамту бағытындағы іс-шаралар жандана түскен. Атап айтқанда, 2024 жылдың он айында 300 мыңнан аса нәзікжанды жұмыспен қамту іс-шараларына тартылып, 230 мыңнан аса қыз-келіншек, оның ішінде 130 мыңнан астамы тұрақты жұмыс тапқан екен.


Оған қоса, министрлік азаматтарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың құқығын қорғауды да бір ізге қойған. Мәселен, осы іспен айналысатын құзіретті қызметкерлер еліміздегі 26-тан аса кәсіпорынның 18 мыңға жуық жұмысшыға 4 миллиард теңге жуық жалақы қарыз екендігін анықтаған. Тиісті шараларды қабылдап, 16 мыңнан аса азаматтың жалақысы қайтарылған. Еңбек заңнамасындағы талаптардың сақталуы да ведомствоның жіті бақылауында. Айталық, осы уақытқа дейін инспекторлар 4 жарым мыңнан аса тексеру жүргізіп, жеті мыңнан аса заңбұзушылықты анықтаған. Соның арқасында тағы отыз мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалыпты.


Жалпы, министрліктің жыл басындағы ресми мәлімдемесіне сүйенсек, биыл өңірлердегі бағдарламаларды іске асыру арқылы 940 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл межеге жетуге ел президентінің тапсырмасымен өңірлерде бекітілген жұмыспен қамту карталары сеп болмақ. Ол жоспарларда еліміздегі жұмыспен қамту саласында атқарылып жатқан бағдарламалар мен бастамалар бойынша нақты жоспарлар көзделген. Тарқатып айтар болсақ, субсидия беру арқылы ашылатын жаңа жұмыс орындарына 194 мыңға жуық, бос тұрған орындарға 320 мыңға жуық, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша 340 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту, сонымен қатар жастар санатындағы 6 мыңға жуық азаматқа жеңілдетілген шағын несие беру және 15 мыңнан аса тұлғаға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие беру жоспарланған.


Осы ретте, ел арасында бос тұрған жұмыс орындарын хабардар ету мақсатында арнайы цифрлық жүйелер іске қосылған. Ол платформадан бос орындардан бөлек, жаңа жобалар мен жаңа мүмкіндікдерді білуге болады. Ең бастысы жұмыспен қамту саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету болып саналады. Сондай-ақ, министрліктің жұмысы мен негізгі мәліметтер, жұмысқа орналасушының декетері тұрақты бақылауға алынған. Демек, бұл процестер жұмыспен қамту және мемлекеттік гранттарды беру үрдісіндегі заңбұзушылықтардң алдын алып жатыр деп ойлаймыз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ