Премьер-министр әкімдіктерге министрлік бекіткен лимиттердің орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі
ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында биыл суды көп қажет ететін дақылдардың лимиті қалайша бекітілгенін мәлім етті, деп жазады inform.kz.
— Биыл егіс құрылымы судың нақты лимитіне байланысты бекітілді. Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облысында кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде Түркістан және Қызылорда облыстарында күріш пен мақтаны ң егіс алаңдары бекітілді. Жалпы биыл Қызылорда облысының күріш алқабы индикатор бойынша 77 мың гектар болу керек еді. Тағы 10 пайыз түсіріп, 73 мың гектар деп бекіттік. Ал Түркістан облысында 3,5 мың гектарға қысқарды, — деді ведомство басшысы.
Оның сөзінше, осыдан екі жыл бұрын су үнемдеу технологиясы енгізілген мақта алқабында 2,5 мың гектар болған.
— Екі жылдың ішінде 50 мың гектарға дейін жеткіздік. Соның арқасында шығым жақсарып, биыл тағы 15 мың гектарға су үнемдейтін тамшылатып суару технологиясын енгізу көзделіп отыр. Сонда жалпы 65 мың гектар су үнемдеу технологиясы болады. Ақпан айының аяғында лимит болжамы көбейіп жатса, аймақтармен қосымша пысықтаймыз, — деді Айдарбек Сапаров.
Премьер-министр әкімдіктерге министрлік бекіткен лимиттердің орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.


