Биыл Нұр-Сұлтанда Наурыз мейрамы "игі істермен" тойланады

0
2 420

Елордалық еріктілер, меценаттар, белсенділер наурыз айынан бастап жалғызбасты зейнеткерлерге, қарт адамдарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға екі мыңнан астам азық-түлік себетін таратты.


Биыл Нұр-Сұлтанда Наурыз мейрамы

Биыл елордада Наурыз мерекесін тойлау «Қайырымды істер» ұранымен өтеді. Мерекенің қазіргі тұжырымдамасы аясында еріктілер мен белсенді қала тұрғындары көптеген акциялар, игі істер өткізіп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасын әзірлеп, көктемгі мерекенің мазмұнын байыту қажеттігі туралы айтқан болатын.


«Ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау - мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, жалпы қоғамның және әрбір азаматтың борышы. Біз өз халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды насихаттауымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктемгі мерекенің мазмұнын байыту қажет. Бүкіл қоғамды біріктіретін құндылықтар қаншалықты көп болса, біздің бірлігіміз де соғұрлым күшті болады», - деп атап өтті Президент.


Наурыз - жаңару, халықты бірлікке ұйыстыру мерекесі, сондықтан жұрт бірігіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созуы керек.


«Игі істер» жалпыұлттық марафоны аясында елордалық еріктілер, меценаттар, кәсіпкерлер, белсенділер наурыз айынан бастап жалғызбасты зейнеткерлерге, қарт адамдарға, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға екі мыңнан астам азық-түлік себетін таратты. Қарлы күндері аулаларын қар мен мұздан тазартуға көмектесті. Іс-шаралардың бәрі санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі.

Бұл игі істер Наурыз мейрамын тойлау күндері де жалғасын табады. Сонымен, мерекеге орай мыңға жуық азық-түлік себетін тарату жоспарланып отыр.

Біз қаланың барлық тұрғынын белсенділік танытуға және мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге, яғни қар күреу, дәрі-дәрмектерге бару, азық-түлік сатып алу секілді қайырымдылық шараларына шақырамыз. Адам өз басындағы қиындығын еңсеру үшін жалғыз өзі ғана емес өзгелердің де жәрдем беріп, қоғамның бір бөлшегі екенін сезінуі қажет.

Сонымен бірге, коронавирусты жұқтыру қаупі әлі де бар екенін ұмытпаңыз. Әсіресе мереке күндері адам көп жиналатын орындардан аулақ болған жөн.

Бұл күндерді үйде, отбасымен бірге, яғни шағын ортада өткізген жөн. Демалыс күндері уақытты қызықты өткізу үшін қаланың мәдениет мекемелері теледидар мен әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өткізілетін онлайн іс-шаралар кешенін дайындады. Олардың арасында концерттер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар, тарихи-танымдық дәрістер мен конференциялар, акциялар мен конкурстар бар.