Биыл Жетісу облысының экономикасына 400 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды

0
73

Жетісу облысы 2023-2024 жылдары жалпы өңірлік өнім көлемінің өсімі бойынша республикада көш бастады, 2024 жылдың қорытындысы бойынша өнім көлемі 2,2 трлн теңгеге жетіп, 14,8%-ға ұлғайды.


Биыл Жетісу облысының экономикасына 400 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды

ERNUR.KZ. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 3,2 млн теңгені құрады. Биылдың соңында жалпы өңірлік өнім 2,7 трлн теңге жетпек. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2023-2024 жылдары 894 млрд теңгені құрады, оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 71%-дан асты. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша барлық салада тұрақты өсім байқалады.

«Жыл басынан бері облыс экономикасына 17% өсіммен 397 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңірімізде 2023-2025 жылдары 108 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде 70 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі – 4,7%-ға төмендеді, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есе азайды. Орташа айлық жалақы 18%-ға өсіп, 331 мың теңгені құраса, жан басына шаққандағы орташа табыс 19%-ға ұлғайып, 172 мың теңгеге жетті», – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Б.Исабаев Жетісу облысында агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жайында сөз қозғады. Оның айтуынша, былтыр бұл салада өндірілген өнімнің жалпы көлемі 3%-ға өсті. Ал, биыл өсім 5% болады деп күтілуде. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығына 25 млрд теңге инвестиция тартылды. 2025-2027 жылдары облыстың агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 94 млрд теңгеге тағы 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Былтыр ирригациялық желілерді қалпына келтіру бойынша 5 нысанның жұмысы аяқталды, айналымға 9,8 мың га суармалы жер енді. Келесі жылдың соңында қалған 6 жоба бойынша айналымға 3,2 мың га жаңа суармалы алқапты енгізу жоспарланып отыр.

2022-2025 жылдары облыста 1,3 млн га тұрақты пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. 712 мың га жер қайта айналымға енгізілді, 603 мың га мемлекеттік меншікке қайтарылды, оның ішінде ауыл шаруашылығы айналымына 431 мың га тартылды. Қалған 172 мың га жер келесі жылдың 1 жартыжылдығында айналымға берілді. 2 жылда облыста 67 ветеринариялық пункт салынды. Нәтижесінде қолайсыз ошақтардың шығу фактісі 92%-ға төмендеді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізатын өңдеу үлесі 2023 жылмен салыстырғанда 49%-дан 68%-ға дейін өсті. Жоспар –80%-ға жету.

Ақсу қант зауыты толық модернизациядан өтіп, қайта іске қосылды. Майлы дақылдарды қайта өңдейтін Агрокомплекс Жетісу Мажико, Көксу қант, Жаркент крахмал-сірне зауыттарының қуаттары ұлғайтылды. Қант қызылшасының егіс алаңы 3 есе артып, 12,2 мың гектарға жетті. Биыл 490 мың тонна тәтті түбір жиналып, 87 мың тонна қант өндіру жоспарланған.