Биылғы вегатация кезеңінде су тапшылығы мәселесі дер кезінде шешіліп отырды

0
108

Биыл еліміздің вегетация кезеңі күрделі климаттық жағдайда өтті. Көктемде аптап ыстыққа байланысты суару маусымы 20 күнге ерте басталды.


Биылғы вегатация кезеңінде су тапшылығы мәселесі дер кезінде шешіліп отырды

ERNUR.KZ. Сонымен қатар вегетация кезеңі басталмай тұрып, топырақтағы ылғалдың аз болуы, әсіресе оңтүстік өңірлерде, су шаруашылығына теріс әсер етті. Осы жағдайда Шардара су қоймасынан Қызылқұм магистральды каналы арқылы су алу көлемі айтарлықтай артты: 2025 жылдың сәуірінде секундына 90 текше метр, мамырда – секундына 70 текше метр жіберілді. Салыстырмалы түрде, өткен жылы бұл көрсеткіштер төмен болған: сәуірде-мамыр айларында – секундына 30 текше метр. Бұл жайлы ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, климаттың өзгеруіне байланысты вегетация кезеңі басталғаннан-ақ қатты ыстық болды, бұл Сырдария өзенінің бүйірлік ағысының ертерек тартылуына әкелді. Нәтижесінде Шардара су қоймасына келетін судың мөлшері айтарлықтай азайды. Сырдария өзенінің бассейніндегі бүйірлік ағын биыл норманың 86–87 %-ы деңгейінде болжанған. Алайда нақты ағын норманың 60%-ын құрады.
«Жағдайды одан әрі қиындатқан – ішкі өзендердің ағысының айтарлықтай азаюы. Мысалы, 2024 жылдың сәуірінде Арыс өзенінің орташа су шығыны секундына 82 текше метр болса, 2025 жылдың сәуірінде ол секундына 9 текше метрге дейін төмендеді. Ал, 2025 жылдың сәуір–шілде айларында Бөген су қоймасына 114 млн текше метр су келіп түсті, бұл 2024 жылдағы 440 млн текше метрден әлдеқайда аз», – деді спикер.
Ведомство өкілі Қазақстанның бірқатар өңірдегі су шаруашылығы жағдайына тоқталып өтті. Алматы және Жетісу облыстарында вегетация кезеңі қалыпты өтіп жатыр, аграрлық секторды сумен қамтамасыз етуде айтарлықтай қауіптер байқалған жоқ. Қазіргі күні 269 мың га-дан астам жер суарылды: Алматы облысында – 136 мың га, Жетісу облысында – 133 мың га. Суару суын ұйымдасқан түрде жеткізу үшін су шаруашылығы ұйымдары 14 350 шарт жасасты, оның ішінде Алматы облысында – 6 мыңға жуық, Жетісу облысында – 8 346. Вегетация басталғалы Жетісу облысында 1,2 млрд м³-ден астам, Алматы облысында 1,3 млрд м³ су алынды. Суару маусымының соңына дейін шамамен қосымша 40 млн текше метр су алу жоспарланған, бұл су пайдаланушылардың қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.
Су ресурстары бассейндерде бекітілген кестеге сәйкес тиімді бөлініп жатыр. Бұл вегетация кезеңін су тапшылығынсыз аяқтауға кепілдік береді. Қазіргі уақытта қант қызылшасы, соя, жүгері, көпжылдық шөптер мен бақтарды суару жалғасып жатыр. Суару жұмыстары қыркүйек айының соңына қарай аяқталады деп күтіліп отыр.