Бизнесмендер қазақстандықтардан қолма-қол ақша талап ете бастады

0
1 028

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қазақстандықтардың мобильді аударымдарын тексеру басталды.


Бизнесмендер қазақстандықтардан қолма-қол ақша талап ете бастады

ERNUR.KZ. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлердің тек қолма-қол ақша қабылдау туралы талабына қатысты қазақстандықтардың шағымына пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қазақстандықтардың мобильді аударымдарын тексеру басталды. Сол күннен бастап азаматтар кәсіпкерлердің тауарлар мен қызметтерді сату үшін онлайн төлемдерді қабылдаудан бас тартып, қолма-қол ақша талап етіп жатқанына шағымданып жатыр.

Мемлекеттік кірістер комитеті кейінгі жылдары мобильді банк қосымшаларының танымалдығы артып келе жатқанына қарамастан, жеке кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе көрсетілген қызметтер үшін қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, аударымдарды қабылдаудан бас тарту деректері бар екенін мойындады. Алайда мұндай талап заңсыз болып табылады.

"Төлемді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, өйткені "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында төлемнің әртүрлі тәсілдері көзделген - банк картасы, QR немесе қолма-қол ақшамен (25-бап). Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, бірінші рет - ескерту, қайталап бұзған жағдайда - 40 АЕК немесе 147 680 теңге көлемінде айыппұл", - деп жауап берді МКК баспасөз қызметі.

Төлемді қабылдамаса, мемлекеттік кіріс органдарына хабарласу қажет. Олардың байланыс мәліметтерін мына сілтемеден табуға болады.

Ведомство 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс екенін, сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді сенімді түрде көрсету маңызды екенін еске салды.