БҚО-да 680 киік атылды: Операция қарашаға дейін жалғасады

0
258

Бұл процесс аңшылық шаруашылығының бақылауымен және бірнеше ет өңдеу кәсіпорнының қатысуымен жүргізіліп жатыр.


БҚО-да 680 киік атылды: Операция қарашаға дейін жалғасады

фото: baq.kz.

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында 680 бас киік атылды, деп жазады baq.kz.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахимжановтың айтуынша, киіктерді реттеу жұмысы шілде айында басталып, 2025 жылдың қарашасының соңына дейін жалғасады.

Киіктердің шамадан тыс көбеюі жайылым жерлерге, шабындықтарға және шаруа қожалықтарына айтарлықтай залал келтіреді. Себебі көп санды табын жем-шөп пен суға мұқтаж. Осы жайттар киік санын реттеу шараларын әзірлеу кезінде ескерілді, – деді Нұрлан Рахимжанов BAQ.KZ редакциясына берген сұхбатында.

Ол сондай-ақ киіктердің шамадан тыс көбеюі олардың тығыз шоғырлануына, тиісінше, түрлі жұқпалы аурулардың таралуына әкелуі мүмкін екенін айтады.

Соңғы жылдары олар үй жануарларымен бірге жайылып жүр. Бұл да қауіп тудырады. Киік популяциясын реттеу – олардың оңтайлы санын сақтау үшін қажет, – деді спикер.

Биологиялық зерттеулерге сәйкес, өңірде киіктердің оңтайлы саны 550–600 мың болуға тиіс. Алайда қазіргі уақытта олардың саны 2 миллионнан асып кеткен.

Ғалымдардың ұсынысы бойынша өңір аумағынан 460 мың басқа дейін киік атуға болады, – деді Рахимжанов.

Қазіргі таңда операция аясында 680 бас киік атылды. Бұл процесс аңшылық шаруашылығының бақылауымен және бірнеше ет өңдеу кәсіпорнының қатысуымен жүргізіліп жатыр. Олар киік етінен консерві өндіруді жоспарлап отыр.

Операция толық бақылауда өтеді. Әрбір ет партиясы тиісті келісімдер негізінде өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі.

Еттің бағасы логистикаға, яғни тасымалдау қашықтығына байланысты болады. Қазіргі кезде ет сатылымға түскен жоқ, тек жиналып жатыр. Себебі операция енді басталды, – деді ол.