Ешкім жасанды тыныстандыруды білмейді, дейді оқиға куәгері.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысындағы демалыс базасында қайғылы жағдай орын алды. Болған жайтқа қатысты өңірлік төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірді, деп жазады nur.kz.
"Карьерде бір қыз біздің көз алдымызда суға батып кетті. Оған ешкім көмектесе алмады. Дұрыс құтқарушылар жоқ. Бәрі жас жігіттер. Қауіпсіздік техникасы сақталмайды. Оқиға орнында әкімшілік болған жоқ. Ешкім жасанды тыныстандыруды білмейді. Күн ыстық, қаптаған адам, айнала алкоголь. Бойжеткен 1000 адамның көз алдында көз жұмды", - дейді оқиға куәгері.
Осы ретте қайғылы оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірді.
"13 маусым күні сағат 19:5-те Бәйтерек ауданы Трекин ауылдық округі Жайық ауылының маңындағы демалыс аймағында шомылу кезінде батып кеткен 33 жастағы азаматшаның денесі судан шығарылды. Материалдар полицияға берілді", - дейді құтқарушылар.
Сонымен бірге, ведомство 14 маусым күні "Карьер" су қоймасына 28 жастағы жігіттің батып кеткенін хабарлады. Ол рұқсат етілмеген жерде шомылған.