Марқұмның әкесі Берік Ыржановтың айтуынша, ұлы Диар кезекші фельдшер болып жұмыс істеп, қайғылы оқиға болған түні үйіне таксимен қайтып келе жатқан.
Фото: Мой Город
ERNUR.KZ. 17 қарашада Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында 30 жастағы жергілікті тұрғын өлтірілді. Аталған іске полиция қызметкері күдікті деп танылды. Оқиғаның мән-жайын марқұмның әкесі айтып берді, деп жазады stan.kz.
Марқұмның әкесі Берік Ыржановтың айтуынша, ұлы Диар кезекші фельдшер болып жұмыс істеп, қайғылы оқиға болған түні үйіне таксимен қайтып келе жатқан. Көлікте өзі мен жүргізушіден басқа үшінші адам болған. Диар ауылға келе жатқан жолда артқы орында жатып ұйықтап қалған.
"Бір уақытта көлік ішіндегі үшінші жолаушыға қоңырау соғылады. Сосын ол такси жүргізушісінен кері бұрылуын сұрайды. Бірақ таксист басқа жаққа қарай бағыт алып, достары күтіп тұрған жаққа қарай келеді. Сосын үшінші жолаушы сыртқа шығып, төбелес басталады. Ұлым айқай-шудан оянып, көліктен түскелі жатқанда басынан екі соққы алған. Сосын жерге құлаған. Кейін полиция қызметкерлері ұрған адамның Ішкі істер министрлігінің өкілі екенін айтты. Ол 19 қарашада бұйрықпен жұмыстан босатылған. Қазір үш күдікті бар. Дегенмен саны одан да көп болуы мүмкін. Бірақ күдікті жалғыз өзі ұрғанын айтып отыр. Бірақ олардың үшеу болғанын алға тартатын куәгерлер де бар. Оның үстіне балам спортпен айналысқан, бойы екі метрдей еді. Оны құлатуға бір ғана адамның шамасы жетпейді. Айтпақшы, такси жүргізушісі де сыбайлас. Баламды оқиға орнына алып барған сол", – деді марқұмның әкесі.
Ер адамның сөзінше, баласымен болған жанжалға ешқандай себеп жоқ. Күдіктілер ұлымды тонағысы келді деп ойлайды ол.
“Балам екі жұмыс істеп, жақсы табыс тауып жүрді. Күдікті қаржылық мүддесі болғанын жоққа шығарып, Диарды басқа ер адаммен шатастырып алғанын айтады”, – дейді марқұмның әкесі.
Айтпақшы, экс-полицей Тасқала ауылында тұрып, жұмыс істеген. Ал Берік Ыржанов оның ата-анасын жақсы таниды екен. Оқиғадан кейін күдіктінің ата-анасы марқұмның үйіне келіп, ұлының әрекеті үшін кешірім сұрап, жерлеуге кеткен негізгі шығынды төлеуді ұсынған. Алайда Диардың отбасы олардың көмегінен бас тартқан.
Диар жерленген күні оның әйелі, мерзімінен бұрын босанып, қыз баланы дүниеге әкелді. Бұл отбасындағы бірінші және көптен күткен бала болды. Бірақ енді қызы әкесіз өседі.
"Осы күдіктілер немеремді асырауға міндеттелсін. Әкесінің бере алмағанын солар берсін. Диар фельдшер болып жұмыс істеді, бәріне көмектесті, қаншама шұғыл босануға қатысты, қаншама адамды құтқарып қалды. Дегенмен соңында сол адамдардың қолынан қаза тапты. Ол қолындағы барын беріп, ештеңесіз қалуы мүмкін. Ешкіммен сөзге келіп көрмеген, мейірімді жан еді. Қай кезде де бірінші болып көмекке келеді. Оны бүкіл ауыл, бүкіл облыс біледі. Жерлеуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен достары мен әріптестері ұшып келді. Диар менің үлкен ұлым еді, бір ай бұрын ғана 30-ға толды. Мен әділ тергеу жүріп, кінәлілердің лайық жазасын алуын талап етемін. Маған ештеңе керек емес, ұлымды қайтару мүмкін емес, әйелі мен қызының моральдық шығынын өтеп берсін", – деді Берік Ыржанов.