БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін волонтерлік штаб құрылды

0
459

БҚО-да республикалық маңызы бар тағы бір трассаны су басты.


БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін волонтерлік штаб құрылды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсететін волонтерлік штаб құрылды, деп жазады ҚазАқпарат.

БҚО ішкі саясат басқармасы мәлім еткеніндей, штабты облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Әділгерей Зұлхаров басқарады.

Штаб Ғ.Қараш көшесі, 16 үй мекен-жайындағы облыстық теннис орталығында орналасқан.

«Қазіргі таңда Қаратөбе, Жәнібек, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарынының әрқайсысында 30 адамнан құралған волонтерлік топтар қызмет атқаруда. Олар зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру жұмыстарына жәрдем беруде. Сонымен қатар Орал қаласында 100-ден астам волонтер көмек көрсетуге дайын. Волонтерлік штаб облыс тұрғындарынан киім-кешек, тез бұзылмайтын тағамдар, дәрілік және жеке гигиеналық заттар және басқа да алғашқы керек заттарды қабылдауды жалғастыруда. Жеткілікті деңгейде жиналған соң аталған аймақтарға жөнелтіледі. Қосымша сұрақтар бойынша штаб жетекшісі Әділгерей Зұлхаровқа, 8-708-704-77-78 телефон нөміріне қоңырау шалуға болады», деп хабарлады ведомстводан.

«Орал қаласындағы теннис орталығында орын тепкен көмек орталығында тұрғыдардан жиналған азық-түлік, басқа да заттарды аудандарға жөнелтетін боламыз. Аудандарда волонтерлік топтар қазіргі кезде кезекшілікте жүр. ТЖ қызметкерлерімен бірге су тасқыны зардаптарын жою және алдын алу жұмыстарына қатысуда. 2011 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде осындай штаб құрылып, жұмыс істеген болатын», деді штаб жетекшісі Әділгерей Зұлхаров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 100-ге жуық тұрғын үйді су басқанын, тасқын су шайып кеткен соң бірнеше көлік жолы жабылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да 2 жүкті әйел су басқан аумақтан тікұшақпен Оралға жеткізілді.

БҚО-да республикалық маңызы бар тағы бір трассаны су басты.