«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шараларын атқаруда.
Ресей Федерациясының Иреклі су қоймасынан жіберілген тасқын суы еліміздің аумағы арқылы өтіп жатыр. Орал қаласында Жайық өзенінің деңгейі - 855 см. Өңірде су тасқыны жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ Өңірлік Коммуникациялар Қызметіне сілтеме жасап.
«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалы Ресейден келген 30 млн текше метр тасқын суын облыстағы Қамыс-Самар көлдеріне жіберді.
Бұдан бөлек, «Қазсушар» мамандары тасқын суын соңғы жылдары құрғай бастаған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына жіберуге ниетті.
Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Астана контрреттегішінен Есіл өзеніне тәулігіне 4,75 млн текше метр су жіберіледі.
Өңірде «Альва» және «Кеңбидайық» лиманды суару жүйелері 100%-ға толды. Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қозыкөш, Мұқыр және Қарасу өзендерінің арналары суға толды. Қорғалыжын қорығының Теңіз көліне 1,5 млрд текше метр су жіберілді.
Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, Есіл өзеніндегі су тасқынының екінші кезеңі жалғасуда. Сергеев су қоймасы бөгетінің жотасы арқылы судың асып кету биіктігі 270 сантиметрге дейін төмендеді. Аймақтағы жағдай шиеленісті болып қала береді.
Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.
Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 82%.
Абай облысында Шүлбі су қоймасы 50%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Шүлбі су қоймасына бүйірлік ағындардың ұлғаюына байланысты су жіберіліп жатыр. Ертіс каскадының су қоймалары штаттық режимде жұмыс істейді.
10 сәуірден бастап Ертіс өзенінің су қоймалары каскадынан табиғат қорғау іс-шараларына су жіберіледі. Бұл Павлодар облысын ауылшаруашылығына қажет жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы су қоймаларынан 6,3 млрд текше метр су жіберу жоспарлануда.
Ал, Павлодар облысы бойынша «Қазсушар» филиалы топырақты суландыру үшін Шідерттерге су жіберіп жатыр. Көлбай алабына су жинау жұмысы да жүргізілуде. Лиманның 800 гектары қамтылды.
Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 98,5%-ға толы. Олардың барлығы да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.
Трансшекаралық Іле өзеннен Алматы облысының Қапшағай су қоймасына ағыны нәтижесінде Балқаш көліне шамамен 2,3 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік берді.
Жамбыл облысының Тасөткел су қоймасынан Шу өзеніне су жіберілді. Сәуір айының басында бұл су Түркістан облысы Созақ ауданының аумағынан өтті. Тасөткел су қоймасынан су жіберу 1 мамырға дейін жалғасады, осы уақыт ішінде Шу өзені арқылы Созақ ауданына шамамен 1 млн текше метр су келуі тиіс.
Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92% құрайды. Екі нысан да штаттық режимде жұмыс істейді.
Алғаш рет Ұлытау облысының Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне түсті. Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинағаны байқалады, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына қолайлы әсер етуі тиіс.
Су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғасуда.