"Зергерлік өнерге қызығатын адам мұның жай жасала салмайтынын, немқұрайлылықты кешірмейтінін түсінуі керек".
Суреттер: зергердің жеке мұрағатынан
Жұмысы «инемен құдық қазғандай» ісмерлік пен ыждахаттылықты қажет ететін көркем өнердің бірі – зергерлік. Бұл өнердің тамыры тереңнен бастау алып, әр бұйымның да өз орны мен мағынасы бар. Қазақ әр әшекейдің пайдасы мен формасын да әуелден әріден ойлаған. Десе де қазіргі таңда әшекей тағуда біз ол қағидаттарды ұстана бермейтініміз ақиқат. Осы және өзге де тақырыптар жөніндегі Қазақстан қолөнершілер және дизайнерлер одағының мүшесі, түркістандық зергер Нұрғали Темірұлымен әңгімеміз таныстықтан басталды.
-«Өнер - адамға қанмен келетін қасиет» деп жатады, десе де өзіңіздің бұл өнерге келуіңіз және қызығушылығыңыз қалай пайда болғанын кеңінен айтып берсеңіз?
- Дұрыс айтасыз, мен де өнерді қанмен келетін дүние деп есептейтін едім. Қарап отырсаңыз көбі ата кәсіпті, ата жолды жалғастырады. Менің де аталарым өте мықты ұста кісілер болған екен. Ол туралы марқұм әжем үнемі айтып, олардың жұмыстарының кереметін сөзбен сипаттап отыратын еді. Өз әкем де – шебер-ұста, күнделікті тұрмысқа керек заттарды өзі жасап отыратынын кішкентайымыздан көзбен көріп өстік. Сонымен қатар атқа қажетті қамшы, жүген, ер-тұрман, тоқым секілді заттардың бәрін жасай беретін. Бала күннен көріп, кейде қасына қолғабыс болып өскендіктен ол жұмыстардың жасалу ретін, техникасын біліп өстік. Бойға сіңген өнер болғасын өз бетімізше түрлі заттар жасай бастадық. Алғашында ағаштан пышақ, қашау, ара, сувенирлер жасайтынмын. Соны көрген әкемнің інісі мені Қалдыбек Қошқаров деген досына жіберді. Ол кісі Ресейде білім алып келген, Әзірет Сұлтан қорық-мұражайында жұмыс істейтін зергер еді. Ағаштан жасаған барлық заттарымда алып сол кісіге барған едім, ол мені өзінің ұстазы Қалмырза деген кісіге жіберді. Қаланы дұрыс білмейтін кезім, автобуспен әрең тауып барғаным есімде (күліп). Ол кісі менің бұйымдарымды көрді де «Ертеңнен бастап кел!» деді.
Сосын күннен бастап оны ұстаз тұтып, күнде баратын болдым. Ол өзі әртүрлі зергерлік бұйымдар тұмар, білезік, сырғалар жасайды. Түркістан бұрыннан туристік жер ғой, келген адам міндетті түрде бірдеңе алып кететін. Алғашында маған өзі жасаған жұмыстарын тазалауға беретін, соны тазалап отырып, оның қалай жұмыс істейтінін бақылаймын. Тек бір айдан кейін ғана өзім жасауды үйрене бастадым. Студент болған кезімде түске дейін сабақта болып, түс қайта зергерлікті үйренуге баратынмын. Ол кісіге он жыл шәкірт болдым, он жыл үйреніп, батасын алып ғана зергер болдым.
Мен ұстазымнан тек зергерлікті емес, сурет салудың техникасын, бұйым жасаудың жолдарын, жұмысыңа деген ыждахаттылықты, кәсібіңе деген адалдықты, адамдықты үйрендім. Негізі бұл өнерге деген махаббатым ерекше болды. Ұстазыма барған кезде алдымен күн сайын шеберхананы тап-тұйнақтай жинап, ішіне от жағатынмын (күліп). Содан кейін ғана жұмыс бастайтын едік. Қазір өзім де ұстаздық етемін, бірақ ондай талпыныспен келетін бала кемде-кем.
- Зергерлік жұмыс өте мұқият болатын, нәзік кәсіп қой. Осы орайда зергерден не талап етіледі және сіз қандай ой айтар едіңіз?
- Иә, зергерлік өнер өте нәзік, зейін салып жасайтын жұмыс. Зергерлік өнер жалпы төзімділікті талап етеді. Өйткені бір бұйымды жасау үшін шеберден қаншама энергия, қаншама жүйке мен уақыт кетеді. Бұл өнерді жалғастыру үшін махаббат, құштарлық керек. Өйткені бір бұйымды дайындау үшін кемі 5-6 cағат кетеді, ал ауқымды жұмыстарды айлап жасауың да мүмкін. Махаббатпен жасаған адам уақыттың қалай өткенін білмей, бар ынтасын соған аударады. Оған қоса жұмыстың жақсы, сапалы шығуы шебердің шабытына да байланысты.
Зергерлік өнерге қызығатын адам мұның жай жасала салмайтынын, немқұрайлылықты кешірмейтінін түсінуі керек.
- Қазір қыздар сырға, жүзік деген дүниенің ұнағанын тағып жүре береді. Негізі біздің салтымызда әр әшекейдің өзіндік тарихы мен тағатын жөні болған ғой. Өзіңіз зергер ретінде осы жайтқа қаншалықты мән бересіз?
- Қазіргі таңда зергерлік бұйымдарды жасаушылары өте көп, олар өз талғамдарымен неше түрлі дүниелер шығарып жүр. Тұтынушылар да қалауларымен тағып, қолданып жүр. Ал негізі қазақтың зергерлік бұйымдарының әрбірінің өз мән-мағынасы бар. Мысалы, құдағи жүзік, ол өте көлемді келеді және екі саусаққа тағылады. Ал неге екі саусаққа тағылады деген мағынасына үңілсек, үйленіп жатқан қыз бен жігіт жайлы болып, тату-тәтті өмір сүрсін, екі жақ құда-құдағи болып бірге жүрсін дегенге саяды.
Одан кейін бізде шолпы мен шашбауды да шатастырып таға беретін болып кетті. Негізі шолпыны тұрмыс құрмаған қыздар, ал шашбауды орта жастан асқан, әйел кісілер таққан. Өйткені шолпының тиындары өте көп болады, жүрген кезде сыңғырлап үн шығарып тұрады. Шолпының дауысы шығып тұрғандықтан қыз бойын тік ұстап, сымбатты жүруге тырысқан. Шолпының дауысы естілгеннен үй ішіндегі ер кісілер, қонақтар сөздерін дұрыстап, ерсі сөздерін тиятын болған. Одан кейін "Құс тұмсық" деп аталатын жүзік бар, мұны да бойдақ қыздар таққан. Біздің ата-бабамыз мекендеген жер байтақ, Алтайдан Атырауға, Оңтүстіктен Солтүстікке дейін қаншама шақырым. Сол кезеңде Шығыстан Батысқа тұрмысқа шыққан қыздың өз төркінімен хат-хабар амасуы өте қиын болған. Қазіргідей көлік, телефон жоқ заманда қыздар сол жүзіктерін саудагерлер арқылы жұртына беріп жіберген екен. Осы сияқты әр бұйымның тарихы мен өзіндік орны бар. Оны айтсаң таусылмақ емес. Қазір бір бұйымды тағар кезде оның тарихына да көз салған артық етпейді.
- Ал бір бұйымды жасауға шамамен қанша уақыт кетеді?
- Бұл өте ауыр және майда жұмыс, сондықтан әр жұмысқа әртүрлі уақыт кетеді. Ол жұмыстың көлеміне, сосын адамның шабытына да байланысты. Мысалы, кейбір жұмыс бір күнде тәмам болса, кейбірін апталап, айлап істеуге тура келеді. Бұл шығармашылық жұмыс болғандықтан, шабытың болу керек. Шабыт пен зейініңді салсаң ғана жақсы жұмыс шығады және жылдам аяқтауға болады. Кейбір жұмыстар болады, бастайсың бірақ аяқтауға ниетің болмайды, көбінде сондай жұмыстар аяқсыз қалады.
Жұмыстың күрделілігіне, материалына да байланысты. Негізгі қолданылатын материал – күміс. Әріқарай қиялға ерік беріп ағаш, мүйіз, жез, мыс секілді материалдарды да қосуға болады. Өзімнің жұмыстарымда ағаш пен мүйізді жиі қолданамын.
- Шетелдік зергерлердің жұмыстарын бақылайсыз ба? Идея алатын кездер бола ма?
- Бірнеше жыл бұрын Үндістанға көрмеге бардық. Онда әлемнің 6 құрлығынан қолөнершілер келіп, керемет тәжірибе алмасу болды. Өзге елдің шеберлерімен таныстық, тамсандық. Мысалы, Ираннан келген шебер темірден жануарлардың мүсінін жасайды екен. Құстар мен жануарлардың мүсінін темірден жасап, сыртын алтынмен қаптайды, оған өрнек салады. Жұмыстарын көріп, қатты таң қалдым, сөзбен сипаттау мүмкін емес.
Одан кейін африкалық Мұса деген зергермен таныстым, стилі өте ерекше. Барлық жұмысын дерлік өздерінің жерінде өсетін қара ағашпен және күміспен байланыстарған. Өрнектері де ерекше, өзіме көп идеялар алған болатынмын. Қазір жұмыстарыма Мұсаның техникасын қазақтың ою-өрнектерімен ұштастырып қолданып жүрмін.
Одан бөлек зергерлердің де жұмыстарын қарау, зерттеуге тырысамын.
- Зергерлік өнерді дәріптеу және болашағы туралы қандай ойдасыз?
- Жалпы қазір зергерлік өнер әлеуметтік желінің арқасында өте жақсы дамып келе жатыр деуге болады. Адамдардың қызығушылығы да артып келеді. Оған қоса жасау техникалары да артты, түрлі инструменттер, аппараттар арқылы жасап жатқандар бар. Десе де қолмен жасалған жұмыстың құны да, бағасы да жоғары деп білемін. Себебі ол қайталанбайтын дүние.
Бұрынғы ата-бабаларымыз өте күрделі, майда жұмыстарды ешқандай аппараттың, лупаның көмегінсіз жасаған. Ал біз қазір оны әрі қарай дамытудың жолдарын көбейтуді көбірек ойлауымыз керек деп білемін. Мысалы қазір құятын апараттың неше түрлісі бар, килограммдап зат құюға болады. Біз осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өнімділігімізді арттыруымыз керек.
- Қазір шәкірт тәрбиелеумен де айналысып жүр екенсіз. Жас зергерлердің аяқ-алысы туралы айтсаңыз.
- Иә, шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүрмін. Зергерлік – ғасырдан қасырға жалғасып келе жатқан өнер. Ата-бабамыздан жеткен өнерді ұрпаққа үйретуді мақсат еттім.
Жаңа буынға қалпын бүзбай үйретуге тырысып жүрмін. Болашақта керемет дизайндар, сапалы өнімдер көбейеді деген үміттемін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та былтырғы Жолдауында креативті индустрияны экономиканы өркендететін, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыт деп атап өтті емес пе? Бұл саланы дамытуға қызығушылық артады деп сенемін.
- Соған тілектеспіз және еңбегіңізге шабыт тілейміз.
Сұхбаттасқан: Қ.Есенбай,