Бұландыда өрттен қайтыс болған балалардың үйінде түсіндіру жұмысы жүргізілген – әкім

0
148

Әкім үйлерге түтін қадағалайтын құрылғылар қойылып жатқанын айтты.


Бұландыда өрттен қайтыс болған балалардың үйінде түсіндіру жұмысы жүргізілген – әкім

ERNUR.KZ. Бұл туралы Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов айтты, деп жазады baq.kz.

Өткен айда Ақмола облысында өрт жағдайлары тіркелді. Жақында ғана Бұланды ауданында да кішкентай балаларға қатысты қайғылы жағдай болды. Өрттің салдарын жою бір бөлек, бірақ алдын алу мәселесіне қатысты қандай шаралар қолға алынып жатыр? – деп сұрады журналистер.

Ақмола облысы әкімі өрт салдарынан қайғылы оқиғалар болғанын растады.

Әсіресе, кішкентай балалар қайтыс болған жағдайлар болды. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары қандай құқықтық норманың бұзылғанын айқындап береді. Құтқарушылар өз саласы бойынша күнделікті жұмыстарын істеп жатыр. Бұландыдағы жағдайды өзім мұқият қарадым. Екі бала үлкендердің қарауынсыз қалып, түтіннен уланып қайтыс болған. Қарап отырсам, 12 қазан күні дәл сол үйге (өрт болған үйге – ред.) барып, өртке қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізген екен, - деді Марат Ахметжанов ОКҚ-да өткен брифингте.

Мұндай түсіндіру жұмыстары жалғасын табады.

Әкім үйлерге түтін қадағалайтын құрылғылар қойылып жатқанын айтты. Егер түтін шығып, үйде адамдар уланып жатса, онда сигнал ойнап, жедел дабыл беріледі.

1 желтоқсанда Ақмола облысында жекеменшік үйде болған өрттен 2017 және 2021 жылы туған екі бала қайтыс болғаны жайлы ақпарат тараған болатын.