"Буллингке ұшырады": Атырауда оқушы мектепке пышақ әкелген

0
101

Оқушылар арасында жанжал болған.


Фото: ino.mgpu.ru

ERNUR.KZ. Атырауда алтыншы сынып оқушысы мектепке пышақ ұстап келген. Бұл туралы "Ақ Жайық" газеті жазды, деп жазады inbusiness.kz.

21 қазан күні қаладағы №14 мектепте алтыншы сынып оқушылары арасында келіспеушілік туындады. Алдын ала мәліметке сәйкес, оқушылардың бірі мектепке пышақ әкеліп, өзін мазақтағандарды қорқытқан. Жергілікті басылымның жазуынша, бала сыныптастары тарапынан буллингке ұшыраған.

"Ол өзін қорғау үшін қарсы шығып, мектепке пышақ әкеліп, оны ренжіткен балаларға көрсетіп, жазалайтынын ескерткен. Оқушылар бұл туралы мұғалімге айтқан. Ұстаз полиция мен жанжалға қатысушылардың ата-анасын шақырған. Алдын ала деректер бойынша балалармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық шара өткізілді", – делінген ақпаратта.

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі алтыншы сынып оқушылары арасында жанжал болғанын және оқушылардың бірінде пышақ болғанын растады. Абырой болғанда, ешкім пышақ жарақатын алған жоқ. Құзырлы орган пышақтасу туралы қауесетті жоққа шығарды.