13-15 жас аралығындағы төрт жасөспірім бұлшық өсіреміз деп ішкен дәріден уланып қалған болатын.
иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден
ERNUR.KZ. Дәрілік препараттан уланған төрт ақмолалықтың үшеуі санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жексенбі күні, мамырдың 26-сында Нұр-Сұлтан қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасарының мәліметі бойынша мамырдың 25-інде санавиациямен жеткізілген 2006 және 2005 жылдары туған балалардың жағдайы бүгін таңертең жақсарды. Балалар естерін жиып, тілге келді. Ал, 2003 жылғы үшінші жасөспірім «Эпилепсия» сырқатымен есепте тұрған бала анестезиология бөлімінде жатыр ", деп атап өтті Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Аталған балалардың барлығы Нұр-Сұлтан қаласының №2 балалар ауруханасында токсиколог, реаниматолог дәрігерлердің бақылауында. Ведомствоның дерегі бойынша, 13 жастағы төртінші бала 5 таблетка ғана ішкендіктен есін біледі, Ерейментау аудандық ауруханасының балалар бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.
Айта кету керек, осыған дейін хабарлағанымыздай, 2019 жылдың 25 мамырында Ақмола облысының Ерейментау ауданында 13-15 жас аралығындағы төрт жасөспірім дәріден уланып қалған болатын.
Жағдайды зерделеу барысында әр баланың бұлшық еттерін өсіру үшін «Финлепсин» дәрісін ішкені анықталды.