Бұралқы иттерге қарсы күрес: Қазақстан халықаралық тәжірибені қалай қолданды

0
82

Соңғы бір жылда 41 366 адамды ит қапқан


Бұралқы иттерге қарсы күрес: Қазақстан халықаралық тәжірибені қалай қолданды

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Жануарлар денсаулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым және Құтыруға қарсы күрес жөніндегі жаһандық альянс «Zero by 30» стратегиясы аясында 2030 жылға қарай адамдар арасында ит құтыруынан болатын өлім-жітімді жоюды мақсат етіп отыр. ДДСҰ иттер популяциясын басқаруды көбіне адам денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау тұрғысынан қарастырып, құтыруды бақылауда жаппай вакцинацияға басымдық береді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұралқы иттерге қарсы күрес бойынша заңнамалық өзгерістер

Қазақстан да әлемдік тәжірибені ескере отырып, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

«AMANAT» партиясының депутаттары аталған заң жобасын әзірлеу үшін бастама көтерген, ал өзге фракциядағы әріптестер қолдау білдірді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, соңғы бір жылда 41 366 адамды ит қапқан.

Оның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. 2024 жылы 38 848 адамға ит шабуылдаса, оның 24 410 фактісінде бұралқы иттер адамға қарай жүгірген.

Қоғамда да, сарапшылар ортасында да жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту мәселесі жиі көтеріліп жүр. Депутаттар осыған қатысты тиісті нормаларды дайындаған.

Депутаттар негізінен мынандай түзетулер ұсынған:

  • жануарларды ұстау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейту;
  • үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзу салдарынан азаматтардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіру;
  • жануарларды өлтіру және кәдеге жарату қағидаларын бұзу;
  • сондай-ақ жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту.

Ит иелерінің жауапкершілігін күшейту және эвтаназия

Бұл заңда ит иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселесі қарастырылған. Кез келген қараусыз жүрген ит үшін оның иесіне жүктелетін жауапкершілік күшейтілген. Алайда бұл нормалар тікелей осы заң аясында емес, өйткені әкімшілік құқық бұзушылықтар мен Қылмыстық кодекске енетін өзгерістер басқа заңнамалық актілер арқылы реттеледі.

Аталған ұсыныстар Үкіметтің қорытындысына жолданып, нәтижесінде ит иелерінің жауапкершілігі еселенген. Әкімшілік кодекске тиісті толықтырулар енген, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жазалар қатаңдатылған.

Бұл шаралар жануарларға да, адамдарға да зиян келтіретін жағдайлардың алдын алуға және жауапкершілікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.

Утилизация ветеринария туралы заңға және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. Әдетте бұл үшін инсинерация (крематорларда немесе инсинераторларда жағу) әдісі немесе биотермиялық шұңқырларда – мал қорымдарында көму қолданылады. Мұндай нысандар әрбір ауылда бар.

Жануарлардың өлекселерін тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарына тастауға, су айдындарына төгуге және арнайы жабдықсыз өртеуге тыйым салынады.

Жалпы, жануарлар өлекселерін жою – тек техникалық мәселе емес. Бұл – биологиялық қауіпсіздік пен мемлекеттің жауапкершілігіне қатысты мәселе. Егер бұл жүйе дұрыс жұмыс істемесе, экологиялық қана емес, санитарлық қауіп те туындайды.

Халықаралық тәжірибе және Үндістанның кейсі

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдердің басым бөлігінде қаңғыбас жануарлардың санын реттеудің негізгі тәсілі – қайтарымсыз аулау (панажайда өмір бойы ұстау немесе эвтаназия). Ал заңнамалық деңгейде тек Үндістанда бекітілген.

Норвегия, Исландия, Латвия, Франция, Мексика, Эстония, Австралия, Ұлыбритания, АҚШ, Финляндия, Швеция, Ирландия, Малайзия, Дания, Канада, Жаңа Зеландия, Португалия, Черногория, Румыния, Багам аралдары, Бельгия, Литва, Жапонияда – иесі анықталмаған жағдайда жануар панажайға жіберіледі немесе эвтаназия жасалады.

Италия, Германия, Австрия, Испания, Израиль, Венгрия, Словения, Хорватия, Чехия, Швейцария, Коста-Рика елдерінде ұсталған иттер панажайларда табиғи өліміне дейін ұсталады. Сонымен қатар, бұл әдістер жануарлар санын айтарлықтай азайтты деген нақты дәлелдер жоқ.

Мысал ретінде, Сингапурда соңғы 5 жылда 7000 қаңғыбас иттің 2229-ы жаңа иелерін тапқан, ал 1347-сі қайта жіберілген.

АҚШ тәжірибесі жануарларды қорғау ұйымдарының белсенді жұмысы эвтаназия деңгейін айтарлықтай төмендететінін көрсетеді: 56%-дан 9,5%-ға дейін.

Жалпы, әлем елдерінде қаңғыбас жануарлар санын реттеу кешенді тәсілге негізделеді, онда жануарлардың әл-ауқаты мен қоғам қауіпсіздігі қатар ескеріледі. Эвтаназия тек соңғы шара ретінде қарастырылады.