Бастапқыда зілзаладан 122 баспана зақымданды делінген.
Видео кадры
Жамбыл облысында жер сілкінісінен бүлінген баспаналар тізімі қысқарды. Үкіметтік жұмыс тобы тұрғындардан түскен арыздарды қарау барысында кейбір үйдің бұған дейін де тозығы жетіп тұрғанын анықтаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бастапқыда зілзаладан 122 баспана зақымданды делінген. Алайда нақты бүлінген үй саны — он екі болып шыққан.
Мамандардың сөзінше, шығын көлемін шығару үшін әлі де сараптама қорытындысы қажет. Себебі Меркі мен Тұрар Рысқұлов ауданында 17 әлеуметтік нысан зақымданған. Әсіресе 5 балл тербеліс тіркелген Меркіде аудандық аурухана ғимараты, бірнеше ауылдағы амбулатория, балаларды оңалту орталығы мен балабақша қабырғаларына сызат түскен.
— Екі әлеуметтік нысан және бірқатар тұрғын үйдің зақымданғаны туралы өтініш түсті. Арнайы мамандармен және ғылыми зерттеу институтының және салалық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен зерделеу нәтижесіне сәйкес тиісті шешім қабылданады, дейді Меркі ауданы әкімнің орынбасары Ернар Әбілдаев.
28 наурызда Жамбыл облысында жер сілкінісі болды. Жер дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді. Т. Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 балл, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында – 2 балл.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық жедел штаб жұмыс істеуде. Барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қалыпты жұмыс істеуде. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйі, Меркі аудандық ауруханасы, Ойтал ауылындағы мектеп ғимаратының қабырғасында жарықтың пайда болғаны анықталды.