Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 874 млн текше метр су үнемделді

0
95

Суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлінеді.


Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 874 млн текше метр су үнемделді

ERNUR.KZ. Қазір ауыл шаруашылығы судың ең ірі тұтынушысы болып қала береді. Су үнемдеу технологияларын кешенді енгізу мақсатында Су ресурстары министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігінен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге суармалы су қызметтерінің құнын субсидиялау, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеу функциялары берілді. Бұл туралы ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандырудың негізі қаланды.

«Атап айтқанда, инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсалған фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, тариф құнына байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді. Қабылданған шаралар нақты нәтижелер беруде. Егер бұрын жыл сайын қамту көлемі 30–35 мың гектарды құраса, 2024–2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына шамамен 150 мың гектарға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылған алқаптар 543 мың гектарды құрап, нәтижесінде 874 млн текше метр суару суын үнемдеуге мүмкіндік берді», – деді спикер.

Жалпы, 2030 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл 2,2 млрд текше метр суару суын немесе шамамен 30% үнемдеуге мүмкіндік береді.

Аграрлық секторды мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында Министрлік суармалы суды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Мәселен, лазерлік тегістегішті субсидиялауға жататын тізбеге енгізу және оны қолдана отырып, күріш дақылдарын суару кезінде жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу қарастырылған.

Жерасты суларын көтеру кезінде жұмсалатын электр энергиясына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарының бір бөлігін өтеу ұсынылады. Шара су үнемдеу технологияларын енгізу кезінде сумен жабдықтаудың баламалы көздерін пайдаланатын шаруашылықтарды қолдауға бағытталған. Субсидияланатын бағыттар тізбесіне ылғал жинақтау суаруы және тұзданған топырақты шаюды енгізу. Су үнемдеу технологияларын қолданатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын инвестициялық субсидиялау қағидаларында тарихи суармалы жерлер үшін басым мемлекеттік қолдауды белгілеу көзделеді. Бұл тәсіл су ресурстарына түсетін жүктемені азайтуға және қолданыстағы суармалы алқаптарды тиімді пайдалануды ынталандыруға бағытталған.