Былтыр Маңғыстауда кәмелет жасына толмаған 11 бала суицид жасаған

0
541

Қызыл санатта 926 бала тұр.


Былтыр Маңғыстауда кәмелет жасына толмаған 11 бала суицид жасаған

ERNUR.KZ. Ақтауда 2023 жылы кәмелетке толмаған 11 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Оқиғалардың барлығына талдау жүргізілген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ақтау қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Бақдәулет Ахметовтің айтуынша, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың әр түрлі құқық бұзушылықтары мен қылмыс жасауларының алдын алу, тәрбиелеу жұмыстары бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Біз оларды бағдаршам секілді 3 санатқа бөліп қарастырамыз. Яғни, қызыл, жасыл, сары топтарға. Бұл санаттарға жасаған қылмыстары мен құқық бұзушылықтары бойынша бөлеміз. Мәселен қызыл санатқа – әкімшілік жазалау шараларына әкеліп соғатын құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде жасаған, орта білім алудан қасақана жалтарған, есірткі құралдарын, психотропты заттарды қолданатын оқушылар жатса, сары санатқа – сабаққа жиі келмейтін, алкогольды ішімдік қолданатын және әкімшілік жауапқа тартылғандар, жасыл санатқа – темекі бұйымдарын пайдаланып, сабаққа жиі кешігетін оқушылар жатады», - деді ол.

Ахметов нақты статистика көрсеткіштері жайлы айтты.

«Бүгінде қызыл санатта - 926, сары санатта – 3600, жасыл санатта – 1705 жасөспірім бар. Барлық санаттағылардың жалпы саны - 6131. Оның ішінде Ақтау қаласындағылардың саны – 1624, Мұнайлы - 1542, Қарақия - 320, Түпқараған - 310, Бейнеу - 650, Маңғыстау - 312 кәмелет жасқа толмаған балалар тіркелген. Былтыр облыста кәмелеттік жасқа толмаған 11 бала өзіне қол жұмсады. Барлық суицид фактілері бойынша талдау жүргізілді. Өз өзіне қол жұмсағандар қиын жағдайда болған бала, психолог мамандардың көмегіне мұқтаж, ерекше бақылауды қажет еткен. Өкінішке қарай, уақытылы көмек берілмеу салдарының соңы өз өздеріне қол жұмсауға әкеп соқты», - дейді Ахметов.

Бақдәулет Ахметов өз баяндамасында қазіргі таңда кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығындағы балалар жөнінде айтып өтті. Сондай –ақ жалғыз басты анасымен, өгей әкелерімен бірге тұратын балалардың есебін жүргізу қажеттігін алға тартты.