Жігіттің денесі кеше түнде Маңғыстау облысындағы туған ауылына арнайы ұшақпен жеткізілді.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысында қайтыс болған жауынгердің денесі кеше түнде Маңғыстау облысындағы туған ауылына жеткізілді, деп жазады Stan.kz.
18 жастағы Әлібек Қалбайдың отбасы қайғылы оқиға болған әскери гарнизонда әлімжеттік болғанына сенімді. Әлібек қазасынан бірнеше күн бұрын отбасынан ақша салып жіберуді сұраған.
"Ол әскерге кеткеннен кейін, түскі үш-төрттерде анасына телефон соғып, 4000 теңге аударып жіберуді өтінді. Дәрі сатып алуым керек, ішім ауырып тұр деп айтқан. Мен мәйітханада болғанымда оның денесінің сау тамтығы қалмағанын көрдім. Іші, бүйрек тұсының бәрі көгерген. Басы мен қолдары да көгерген", - деп мәлімдеді 24.kz тілшісіне марқұмның туысы Динара Тілесова.
Жігіттің денесі кеше түнде Маңғыстау облысындағы туған ауылына арнайы ұшақпен жеткізілді. Мәйітті алып келген ҚР ҚК №30212 әскери бөлімінің командирі Алмас Доспаев Әлібектің неліктен құлағанын білмейтінін, бірақ сапқа тұру кезінде олардың казармасында күн сайын кем дегенде екі немесе үш солдат басы айналып құлап қалатынын айтқан.
Қордай ауданындағы әскери бөлімде болған қайғылы оқиға туралы 23 сәуірде белгілі болды. Әскерге шақырылған сарбаз таңғы жасақтау кезінде есінен танып құлап, есін жимастан қайтыс болған.