Дәрігерлер салғырттығы: Келіні мен немересінен айрылған кейуана жанайқайын жеткізді

0
979

Қайғыдан қан жұтқан отбасы іс бұрмаланып, кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды.


Дәрігерлер салғырттығы: Келіні мен немересінен айрылған кейуана жанайқайын жеткізді

ERNUR.KZ. 33 жаста өмірден озған Нарғыз Сәрсекееваның артында жары мен 4 және 2 жасар бүлдіршіні қалды. Келіншектің үшінші перзентіне аяғы ауыр болған екен. Биыл қызды боламыз деп отырғанда ай-күні жетпей, іштегі сәбиімен перзентханада көз жұмды. Туыстары бұған дәрігерлерді кінәлауда, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Дәрігерлердің салғырттығынан келінім мен немеремнен айрылдым. Осылай деп жанайқайын жеткізген Алматы облысының тұрғыны кінәлілердің жазалануын талап етуде. Жас ана іштегі сәбиімен бірге Кербұлақ аудандық орталық ауруханасында көз жұмған. Қазір бұл жағдайға қатысты жан-жақты тергеу, тексеру жүріп жатыр. Алайда қайғыдан қан жұтқан отбасы іс бұрмаланып, кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды.

«Ұлымның қиналғанын, немерелерімнің анасын іздеп жылағанын көріп, жанымды қоярға жер таппаймын. Екі немерем балабақшаға барғысы келмейді. Өзге балаларды аналары ертіп әкеліп, бетінен сүйіп, құшақтағанын көріп, жылайды», - дейді марқұмның енесі Шолпан Басшыбаева.

Оқиға биыл 11 шілдеде болған. Нарғыздың аяқ астынан қан қысымы көтеріліп, денесі ісініп кетеді. Жүктіліктің 28-аптасында бірден аудандық ауруханаға жатқызылады. Енесі мұндай паталогиямен Талдықорғандағы перинаталдық орталыққа апарулары керек еді дейді.

«Жағдайы қиындағанша неге 4 күн бойы осында ұстады? Біріншісін босанғанда да осындай паталогия болған. Алдыңғы екі баласын да кесір тілігімен босанды. Талдықорғанға апару керек болған. Неге апармады? Осы жағы түсініксіз. 15 шілде күні жағдайы нашарлай бастады. Жатырына қан кеткен. Дер кезінде қимылдамады. Ота жасағанымен, баланы да аман алып қала алмады. Келінімді артынша Алматыдағы клиникалық ауруханаға алып кетті», - дейді марқұмның енесі.

Алматылық мамандар қанша жанталасқанымен Нарғыздың өмірін сақтап қала алмаған. Келіншек шілденің 22-сі күні көз жұмды. Шолпан Басшыбаева келінінің өліміне кербұлақтық дәрігерлерді кінәлап отыр. Жауаптылар жазасыз қала ма деп алаңдаулы. Ал ауданның бас дәрігері бұл іске қатысты ешқандай бұрмалау болмайтынын жеткізді.

«Жалпы алғанда, көп адамның кінәсі бар. Жоққа шығармаймыз. Оның үстіне, анықтамада өлім жағдайының алдын алуға болатыны туралы жазылған. Сондықтан ешкім жауаркершіліктен құтылмайды. Бірінші басшы ретінде маған да және осы жағдайға қатысы барларға да шара қолданылады. Барлығы комиссия шешімі мен тергеу амалдарынан кейін белгілі болады», - дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Қайрат Ержанов.

Ана мен бала өлімінен кейін бас дәрігердің орынбасары мен босандыру бөлімі меңгерушісінің қызметтері төмендетіліп, қатардағы дәрігер ретінде басқа бөлімдерге ауыстырылған.

«Дәрігерлер жұмысына өте салғырт қарады. 4 күн бойы неге ұстады? Жазалансын! Адам құсап келіп, ә дегеннен кешірім сұраған жоқ. Бір ай өткеннен кейін, әйтеуір, жеті адам келіп, кешірім сұрап, үшінші айт қой деп, құран оқыды. Болды», - дейді марқұмның енесі.

Осылайша, бір-ақ сәтте келіні мен немересінен айырылған Шолпан Басшыбаева әділ шешім шығарылуын талап етуде. Ал бұл іске қатысты дәрігерлердің кінәсі бар-жоғын арнайы комиссия анықтамақ.