Қабылданған шараларға қарамастан, Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарының саны жоғары күйінде қалып отыр.
Фото: Kazinform/ЖИ
ERNUR.KZ. Құрылтай депутаты Лариса Ли Қазақстанда «PANA» әлеуметтік жобасының қауіпсіз нысандар желісін құруды ұсынды. Мұнда тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандары өздеріне пана тауып, көмек ала алады, деп жазады inform.kz.
— Зорлық-зомбылық немесе қудалау болған сәтте жәбірленушіде құтылып кетуі үшін небәрі алғашқы бірнеше минут қана болады. Есеңгіреген күйде, қолында телефоны немесе ақшасы жоқ адам ресми арыз жазу үшін алыстағы полиция бөлімшесіне жүгіріп бара алмайды. Егер дереу бас сауғалайтын жер болмаса, жәбірленуші тығырыққа тіреледі, — деді Лариса Ли Құрылтайдың жалпы отырысында жариялаған депутаттық сауалында.
Осы орайда депутат PANA деп аталатын қоғамдық бастаманы ұсынды. Жоба аясында «қауіпсіз орта» желісі құрылмақ. Бұл — жақын жерде орналасқан, қауіпсіз «сенім нүктелерінің» желісі, яғни шағын дүкендер, дәріханалар және мүлік иелері бірлестігі (МИБ) өздерін қауіпсіз нысан ретінде ұсына алады. Сонымен қатар, аталған нысандар жобаға қатысуға дайын екендіктерін растап отыр.
— Әйелдер немесе балалар қазіргі тұрған жерінен 60 секундтық қашықтықта орналасқан дүкендерде немесе дәріханалардың есігінде «PANA» геолокациялық белгісі бар нысанды байқаса, ішке кіріп паналай алады. «Үш қадам» хаттамасына сәйкес, қызметкерлер оларды қауіпсіз ішкі бөлмеге орналастырып, қауіпті адамнан оқшаулайды, сонымен қатар алғашқы көмек көрсетіп, шұғыл түрде тиісті ведомстволарға хабарласады. Бұл жоба мемлекеттік бюджеттен бір тиын да жұмсамай-ақ, инфрақұрылым тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Бұл өз кезегінде құрылысына немесе күтіп ұстауына мемлекет тарапынан ешқандай шығын талап етілмейтін, пайдалануға дайын әрі тегін желі, — деді депутат.
Лариса Лидің сөзіне қарағанда, PANA жобасын прокуратураны, Ішкі істер министрлігін, «Жанұя» отбасын қолдау орталығын және дағдарыс орталықтарын біріктіретін FSM Social платформасымен де ықпалдастыру қажет болады.
Депутат бүгінде Астана, Көкшетау және Теміртау қалалары бұл жобаны пилоттық тәртіпте іске қосуға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, жақында депутат Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына сауал жолдап, «Электронды қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеуді ұсынды.


