ДДСҰ-ға мүше 197 мемлекет Астана декларациясын қабылдады

0
1 683

Жиынға әлемнің көптеген елінен медицина саласының басшылары мен білікті мамандар қатысты


ДДСҰ-ға мүше 197 мемлекет Астана декларациясын қабылдады

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше барлық 197 мемлекет медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясын бір ауыздан қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Астанада бүгін болып жатқан жаһандық конференция - ғасырда бір немесе екі-ақ мәрте ұйымдастырылатын бірегей шара. Себебі, бірінші рет 1978 жылы бүкіл дүние жүзінің мемлекеттері саяси көзқарастарының саналуандығына қарамастан, Алматы декларациясына қол қойып, қабылдаған болатын. Сол кезде алғаш рет барлық елдер халық қаралатын емханалардың рөлін талқылаған еді. Одан бері денсаулық сақтау саласында біршама күрделі мәселелер пайда болды», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова бүгінгі конференцияда тілшілерге.

Орталық директорының айтуынша, қазіргі таңда әлемде халықтың өмір жасының ұзақтығы артып барады. Бұл көрсеткіш қуантқанымен, мемлекеттер үшін біршама міндеттерді жүктеп отыр.

«Көп адамдар бұрын инфекциялық аурулардан зардап шексе, ХХІ ғасырда адамдар көбінесе созылмалы, инфекциялық емес аурулардың зардабын тартып отыр. Адамдардың өмір жасы ұзарғанымен, өмір сүру сапасы төмендеп барады. Қазір адамдар онкологиялық және қатерлік ісік ауруларынан азап шегуде. Ол бір аптаның ішінде емделіп кететін сырқаттар емес. Екіншіден, әлемде қазір климаттың өзгерісі айқын сезіледі. Табиғаттың ластануы да зиянын тигізіп жатыр. Яғни, технологиялар дамып келе жатқанымен, екінші жағынан олардың кесірі де адам денсаулығына айқын сезілуде», - дейді Айнұр Айыпханова.

Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры атап өткендей, осы мәселелерді шешу үшін жаңа Астана декларациясы қабылданған.

«Астана декларациясының маңызы зор. Себебі, оған бүкіл дүние жүзіндегі денсаулық сақтау ұйымдары мен мемлекеттер қол қойып отыр. Құжатты қабылдау мінсіз өтті. Яғни, ешбір мемлекет декларация тәртіптерімен келіспеймін деген жоқ. Қазақстан төрағалығымен біз Женевада жаңа декларацияны талқылап, үтір-нүктесіне дейін жаппай барлық мемлекеттің келісімін алдық», - дейді ол. Айнұр Айыпханованың айтуына қарағанда, бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 197 мемлекет Астана декларациясын бір ауыздан қабылдаған.

Еске сала кетсек, елордада бүгін медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Жаһандық конференция өтіп жатыр. Жиынға әлемнің көптеген елінен медицина саласының басшылары мен білікті мамандар келіп отыр. Қатысушылар қатарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, ЮНИСЕФ атқарушы директоры Генриетта Фор, ДДҰ Еуропа өңірлік бюросының директоры Жужанна Якаб бар.