Денис Тенді өлтіргендер өмір бойына абақтыға жабылуы мүмкін

0
5 372

Атышулы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі - адам өлтіру бойынша жүргізілуде.


Денис Тенді өлтіргендер өмір бойына абақтыға жабылуы мүмкін

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтіргендер өмір бойына абақтыға жабылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атышулы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі - адам өлтіру бойынша жүргізілуде. Бұл бапқа сәйкес, адам өлтірген қылмыскер 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге сотталуы немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ дүние-мүлкін тәркілеу қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып жасалған не қарақшылықпен немесе қорқытумен байланысты адам өлтіру қылмыстарын көздейді.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді.

Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

25 жасында өмірі үзілген спортшымен қоштасу рәсімі 21 шілде күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Басталуы - сағат 10:00-де. Сондай-ақ бір мезгілдегі қоштасу рәсімі 21 шілде күні Астанада қаласындағы "Барыс-Арена" стадионында өтеді.