Денсаулық министрі күзге қарай COVID-ке қатысты жағдай қалай өзгеретінін айтты

0
1 533

​Денсаулық сақтау министрі вакциналаудың вирус таралуын азайтудың әрі толық локдаунға оралмаудың жалғыз жолы екенін атап көрсетті.


Денсаулық министрі күзге қарай COVID-ке қатысты жағдай қалай өзгеретінін айтты

ERNUR.KZ. Алдағы күндері коронавирусқа қатысты жағдайдың тұрақталуы екіталай, ал вакцина әсері күзге жақын байқала бастайды, дейді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, деп жазады sputnik.kz.

"Жағдайдың таяу күндері немесе тіпті бір айда өзгеретінін күтудің қажеті жоқ. Азаматтардың басым бөлігі 2-3 ай ішінде вакцина алғаннан кейін эпидемиологиялық жағдайдың саябырсығанын сезетін боламыз. Вакцинация, әрине, өз әсерін береді, бірақ бұл ұжымдық иммунитет пайда болған кезде, шамамен күзге жақын болады", - деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы толық локдаунға, қалаларды жабу сияқты шараларға қайта жүгінгісі келмейтінін алға тартты.

"Қатаң шаралар әрқашан тиімді екені сөзсіз. Оларға оралсақ, жағдайды тезірек өзгерткен болар едік. Бірақ айтарлықтай зардап шеккен бизнестің және жалпы экономиканың мүдделерін ескере отырып, инфекцияның таралу тізбегін ішінара бұзуға мүмкіндік беретін тепе-теңдікті тапқандаймыз. Алайда, оның әсері толық локдауннан гөрі баяу сезілуде", - деді министр.

Ол вакцинация - вирустың таралуын тежеудің жалғыз әдісі екенін баса айтты.

Сондай-ақ ол вакциналаудың зияны туралы жалған мәліметтерге сенбеуге шақырды.

"Ресми мәліметтерге сәйкес, вакцина алғандардың 0,8%-де катаралды синдром, дене температурасының көтерілуі, ине салған жердің ауырсынуы тәрізді реакциялар байқалады. Бірақ келесі күні олардың ізі де қалмайды. Екпеге байланысты басқа реакция расталмады", - деді Цой.

Қазақстанда халықты жаппай вакциналау сәуір айында басталды. Бүгінгі күні 275 мың азамат вакцина алды.