Депутат Динара Шүкіжанова Мәжілістегі жұмысын аяқтады

0
591

Ерлан Қошанов депутатқа тиімді жұмысы үшін алғыс білдірді.


Депутат Динара Шүкіжанова Мәжілістегі жұмысын аяқтады

Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Шүкіжанова өз депутаттық өкілеттігін тоқтату туралы өтініш берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Respublica партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжілістің жалпы отырысы барысында депутаттар бұл шешімді қолдады. ҚР ОСК мәліметінше, Д.Шүкіжанова өз еркімен міндеттерін орындаудан босату туралы өтініш берген.
«Құрметті Ерлан Жақанұлы, құрметті әріптестер! Мен өзім үшін күрделі шешім қабылдадым – Мәжілістен шығып, өңірге өндіріске оралу туралы. Менің барлық бастамаларымды партияластарым жалғастыратыны сөзсіз. Мен Respublica партиясының тең төрағасы болып қаламын және халықтың, бизнестің мүддесін қорғауды жалғастырамын, бірақ басқа, өзіме жақын салада. Өндіріс саласында өнеркәсіпті дамытып, Қазақстанға жаңа инвесторлар тартып, ел экономикасына көбірек пайда әкеле алатыныма сенімдімін», - деді Динара Шүкіжанова.
Өз кезегінде Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов депутатқа бірлескен жұмысы үшін алғысын білдіріп, болашақта табыс тіледі.
Динара Шүкіжанова 2023 жылдың наурыз айында Respublica партиялық тізімі бойынша Мәжіліс депутаты болып сайланған. Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болды. 25 түзетуді жеке, 107 – әріптестерімен бірлесіп ұсынды. Іске асырылған бастамалардың қатарында – нашақорлықпен және нашақорлық бизнесімен күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеу, кәмелетке толмағандарды нашақорлықтан (соның ішінде синтетикалық есірткіден) емдеудің клиникалық хаттамаларын жаңарту, такси компанияларының қызметін субсидиялау мерзімін ұзарту, тротуарлардағы электрсамокаттардың қозғалыс жылдамдығын шектеу, Бюджет туралы заң мен жаңа Салық кодексін әзірлеу жұмысы.