Депутат "солярка" тапшылығын шешетін тың ұсыныс жасады

0
557

Депутаттың мәліметінше, қазір дизель бағасы 189 теңгеден 240-285 теңгеге дейін көтерілген.


Депутат

ERNUR.KZ. Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары дизель отыны тапшылығын шешу үшін мұнай өңдеу жобалары бар жекеменшік кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді ұсынды, деп жазады sputnik.kz.

Депутат Серік Ерубаев соңғы күндері бірнеше өңірде кәсіпкерлер, жүк тасушылар мен жүргізушілер бензиннің қымбаттауына және дизель отыны тапшылығына байланысты наразылық акцияларына шығып жатқанын айтты.

"Мұнай өнімінің маусымды тапшылығы жыл сайын қайталанатын көрініс болып кетті. Дәл көктемгі егін егу немесе күзгі астық жинау кезеңдерінде біздің мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жүргізуге тоқтайтыны бір дәстүр сияқты", - дейді ол энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевке жолдаған депутаттық сауалында.

Мәжілісмен Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз екені байқала бастаған кезде, төртінші зауыт салу мәселесі қызу талқыланғанын еске салды. Алайда шешім қабылданбай, қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Бірақ жаңғырту жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, өндіріс қуаты жеткіліксіз болып қалды.

"Тіпті, көмірсутек шикізаты жоқ мемлекеттердің өзінде био-дизель өндірісі дамып жатыр. Ал біз, мұнай экспорттаушы мемлекет бола тұрып, мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүр болып отырмыз. Өкінішке қарай, министрлік өз деңгейінде отандық дизельмен ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ете алмайтынын мойындап отыр. Осыған байланысты мұнай өңдеу бойынша қосымша қуаттарды құру мәселесі алдыңғы қатарға шығып тұр", - деді ол.

Депутаттың мәліметінше, қазір дизель бағасы 189 теңгеден 240-285 теңгеге дейін көтерілген.

"Халық арасында бағаның өсуі жасанды емес пе деген ой туады. Осы орайда, монополияға қарсы өкілетті органдарға да сұрақтар бар. Ал қосымша мұнай өндірісін дамытсақ, біз мұнай ғана емес, мұнай өнімдерін экспорттаушы мемлекет бола алар едік. Оған объективті негіздер бар, өйткені қазақстандық бензин мен солярканың бағасы көрші елдерден әрдайым төмен", - деді Ерубаев.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы дизель отыны тапшылығын шешу үшін мемлекеттік мұнай өндірушілерге ғана қарап қалмай, осы бағыттағы жекеменшік кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынды.

"Ондай жобалар бар, бірақ тиісті қолдау таппай, қажетті деңгейге шыға алмай отыр", - дейді халық қалаулылары.

Сонымен қатар олар дизель отыны тапшылығы мен оның қымбаттауына нақты не әсер етіп отырғанын тексеруді сұрады.