Депутаттар жаңа тұрғын үй бағдарламасын қабылдауды ұсынды

0
99

Мемлекет есебінен салынатын тұрғын үйлерді әлеуметтік санаттар бойынша бөліп отыру қажет.


Депутаттар жаңа тұрғын үй бағдарламасын қабылдауды ұсынды

фото: Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. Мәжілістегі "Ауыл" фракциясының депутаттары жаңа тұрғын үй бағдарламасын қабылдауды ұсынды, деп жазады sputnik.kz.
Депутат Ерболат Саурықовтың айтуынша, ауылда баспана болмағаннан кейін халық қалаға көшуге мәжбүр. Оны ауыл тұрғындары да айтып жатыр.
"Ал "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілгенімен, ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға тікелей бағытталған жеке мемлекеттік бағдарлама әлі күнге дейін қалыптастырылмаған. Қолданыстағы бағдарламалар негізінен инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды қамтиды, ал тұрғын үй мәселесі жүйелі түрде шешілмей отыр", - деді Саурықов мәжілістің бүгінгі отырысында.
Осы орайда депутат Қызылорда облысын мысалға келтірді. Ол жақта қалада тұрғын үй көп салынған сайын ауылдан жастардың қалаға көшу көрсеткіші де өсетінін байқаған. Осыдан кейін орталықта емес, ауыл-аймақтарда үй салуға басымдылық беріле бастады. Соның нәтижесінде соңғы 3 жылда барлық аудандарында жаңа тұрғын үйлер салынып, алғаш рет 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілген. Биыл 3600 пәтерлік тұрғын үйлер салуға бюджеттен тағы 58,7 млрд теңге бөлінді.
"Осыған байланысты "Ауыл" фракциясы ауылдық елді мекендерге арналған тұрғын үй салуға тікелей бағытталған жеке мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынады. Аталған бағдарлама "Ауыл – Ел бесігі" жобасын толықтырып, ауылда тұрақты өмір сүруге нақты жағдай жасауға бағытталуы тиіс", - деді Саурықов.
Оның ойынша, мемлекет есебінен салынатын тұрғын үйлерді әлеуметтік санаттар бойынша бөліп отыру қажет. Атап айтқанда, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жас отбасыларға, ауылға көшіп келгісі келетін азаматтарға арналған жеке қолдау тетіктерін қарастыруға болады.
Сондай-ақ депутат ауылда жұмыс істеп, тұрмысын жақсартқысы келетін жастар мен жас отбасыларды қолдауға арналған "Туған жер, туған ел, өз ауылым" секілді арнайы жобаларды енгізу керек деп санайды.