Мәдени шара АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының мәдени күндері аясында өтпекші.
ERNUR.KZ. 10 желтоқсанда Нью-Йорктегі «Barclays Center» аренасында Димаш Құдайберген (DQ) «Арнау» бағдарламасымен америкалықтарға өзінің жеке концертін ұсынады. Димаштың алып елдегі концертін ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігінің өзі бастамашы болып отыр, деп жазады egemen.kz.
Әдетте Қазақстанды басынан қайғы бұлты арылмаған көп «стан»-ның санатына жиі қосатын америкалықтардың енді дала әуенімен жақынырақ танысуына мүмкіндік туып отыр. Ұланына қарап Ұлы даланың тарихына, мыңжылдық мәдениетіне үңілетін сәт бұл.
Мәдени шара АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының мәдени күндері аясында өтпекші. Қалай десек те, мұхиттың арғы бетіндегілер аталған жобада қазақ мәдениетінің өркениетке қосатын жауһарларымен жақынырақ танысатын болады.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың өзі аталған шараға орай: «Димаштың концертін АҚШ-та ұйымдастыру біз үшін үлкен мәртебе. Димаш өнер көрсеткен барлық елдегідей, Американың ерке жұртын тәнті ететініне сенімдіміз», – дейді.
Азия мен қарт құрлықтың өнерсүйер қауымы Алаш әншісінің ерекше дауыс құдіретіне таңдай қағып жатқанда, одан америкалықтар бейхабар дей алмаймыз. Қазіргідей «жылдам хабар алғызатын» заманда Димаштың өнер аренасындағы дүбіріне қанық екендігі сөзсіз. Басқасы басқа, америкалықтарға етене жақын Тұманды Альбиондағы өткен қазақ әншісінің концертіне оның табынушылары әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды, ал билеттер рекордты қысқа мерзімде сатылып кетті. Ендеше, Лондонның жаңалығынан Вашингтон да хабардар.
Осыдан да болса керек, Димаштың Нью-Йорктегі концертін ұйымдастыруға қазақстандық режиссерлермен және хореограф-қоюшылармен бірге америкалық танымал режиссерлер де белсене кірісіпті. Қалың жұртты қамтитын жобаның әлеуетін америкалықтар жақсы біледі ғой. Олай болса, аталған жобаның қазақ мәдениетін әлемге таныстырудағы үлесі де табысты болады деген сенімдеміз.