«Болашақ» корпорациялық қорының қолдауымен Disneyдің 25 фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты
ERNUR.KZ. Disney-дің ТМД бойынша бөлімі мен қазақстандық кинематографистер әріптестікті кеңейтпек. Бұл туралы Almaty film festival аясындағы форум барысында мәлім болды, деп жазады ҚазАқпарат.
Бүгінде аты шулы компания Қазақстанмен мультфильмдерді қазақ тіліне сапалы дубляждау мәселесі бойынша байланыс орнатқан. «Болашақ» корпорациялық қорының қолдауымен Disneyдің 25 фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты. Мұның алдында «Уолт Дисней Компани ТМД» бас директоры Марина Жигалова-Озкан Астанада ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевпен кездесіп, Мәжіліс қарауында жатқан «ҚР кино туралы заңы» аясындағы әріптестік туралы тілдескен.
Disney-дің ТМД бойынша офисі Мәскеуде 12 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Осы уақыт аралығында компания Ресей медианарығынан елеулі орын алып үлгерді. «Қазақстандық кинематографистермен кездесу барысында қазақстандық фильмдерді Ресейде көрсету мүмкіндігі қаралды. Біз Ресейдегі прокаттың көшбасшысымыз. Қазақстандағы кинолардың да мүмкіндігі жоғары. Олардың прокаты да жақсы көрсеткішке қол жеткізеді деп ойлаймыз», - деді Марина Жигалова-Озкан.
Айта кету керек, 1 фильмді қазақшаға дубляждауға 150 мың АҚШ доллары кетеді. «Біз қазақ тіліндегі фильмдерді прайм-тайм уақытта көрсететін қазақстандық кинотеатрларға салықтық жеңілдік беретін заң қабылдауды қарастырып жатырмыз. Бұл жоба қазақ тіліндегі шетелдік фильм қорының қалыптасуына себепші болады. Қазір қазақ тіліндегі дубляждардың өзін өзі ақтауы туралы айтуға әлі ерте. Біраз жылдан соң қазақ тіліндегі фильм көру қалыпты жағдайға айналғанда, шығын өз-өзін ақтайды деп ойлаймын. Бүгінде балалардың 60% қазақ тілді мектепте білім алып жатыр. Менің кенжем мультфильмдерді тек қазақ тілінде көреді», - деді «Болашақ» корпортативтік қорының директоры Динара Шәйжүнісова.
«Мен соңғы рет Қазақстанда 2011 жылы болғанмын. Осы уақыт аралығында көп нәрсе өзгерген. 2011 жылы ең алғаш рет «Тачки» мультфильмі қазақ тіліне дубляждалды. Ол кезде дауыс табу қиын болатын. Дубляж индустриясы, дайын әртістер болмады. Сапалы дубляжда адамның даусы ерін қимылына сәйкес келуі шарт. Дауыс түпнұсқадағы дауысқа ұқсауы керек. Қазір кәсіби әртістер бар. Алматы мен Астанада сертификатталған дыбыс студиялары да бар. Қазір тек мәтін дубляждалмайды, жергілікті әртістер ән айтады. Ол да үлкен сапаны талап етеді», - деді «Уолт Дисней Компани ТМД» бас директоры Марина Жигалова-Озкан.
Айта кету керек, 8-желтоқсанда Disney «Щелкунчик и четыре королевства» филмінің, 22 қарашада «Ральф против интернета» қазақша дубляжы көрерменге жол тартады.