Дмитрий Малахов ҚР Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы қызметіне қайта тағайындалды

0
118

Бұл туралы 2026 жылғы 24 тамызда Ақорданың Telegram арнасында жарияланды.


Дмитрий Малахов ҚР Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы қызметіне қайта тағайындалды

Сурет: gov.kz

ERNUR.KZ. Дмитрий Малахов Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы қызметіне қайта тағайындалды. Тиісті Жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дмитрий Михайлович Малахов Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды", – делінген хабарламада.

Дмитрий Малахов 1974 жылғы 27 тамызда Көкшетау қаласында дүниеге келген. 1991-1995 жылдары ҚР ІІМ Алматы жоғары мектебінде білім алған. 2003-2005 жылдары Рысқұлов атындағы Экономика және қаржы университетін "Заңгер-құқықтанушы, экономист" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын ішкі істер органдарында бастаған. Кейін қаржы полициясында, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте және Экономикалық тергеу қызметінде жұмыс істеген.

2004 жылғы шілдеден 2019 жылғы наурызға дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес агенттігінің, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өңірлік департаменттері мен орталық аппараттарында басшының орынбасары қызметтерін атқарған.

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитеті Жедел департаментінің басшысы (2019 жылғы наурыз – 2020 жылғы қыркүйек);

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары (2020 жылғы қыркүйек – 2022 жылғы наурыз);

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (2022 жылғы наурыз – 2023 жылғы қазан);

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары (2023 жылғы 11 қазан – 2024 жылғы 13 ақпан);

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы (2024 жылғы 13 ақпан – 16 қыркүйек) қызметтерін атқарған.

Дмитрий Малахов 2024 жылғы 19 қыркүйектен бері ҚР Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.

Мемлекет басшысының басқа да жарлықтарымен Тимур Сүлейменов ҚР Ұлттық банкінің төрағасы, Ермек Сағымбаев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ал Артур Ластаев Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне қайта тағайындалды.