ДСМ: 265 мыңнан аса қыз папиллома вирусынан қорғалды

0
107

Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау мемлекет есебінен тегін жүргізіледі.


ДСМ: 265 мыңнан аса қыз папиллома вирусынан қорғалды

Фото: freepik

ERNUR.KZ. Вакцина жатыр мойны обырының алдын алудың маңызды шараларының бірі саналады. Бұл туралы Алматы онкология орталығының онкогинекологы Асқар Айдаров мәлімдеді, деп жазады inform.kz.

Маманның айтуынша, вакцинациялау 11 жастағы қыз балаларға жүргізіледі, ал екпе уақытында салынбаған жағдайда оны 17 жасқа дейін қоса алғанда алуға болады. Вакцина жатыр мойны обырының және бірқатар басқа да онкологиялық аурулардың негізгі себебі саналатын АПВ-ның ең қауіпті түрлерінен қорғайды.

— Уақтылы жүргізілген вакцинациялау вируске тап болғанға дейін иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді және аурудың даму қаупін едәуір төмендетеді. АПВ-ға қарсы тегін вакцинациялау — бүгінгі таңда қыз балалардың денсаулығын сақтап, болашақта жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған маңызды мемлекеттік кепілдік, — деді маман.

Бүгінгі таңда 11–13 жас аралығындағы 265,2 мыңнан астам қыз бала вакцинаның бірінші дозасын алды, ал 175,1 мыңы екінші дозаны қабылдап, вакцинациялау курсын толық аяқтады.

2026 жылдың басынан бері: бірінші дозамен 51,4 мың қыз бала егілді; екінші дозамен 49,6 мың қыз бала егілді.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша 2026 жылғы 13 мамырдан бастап 14–17 жас аралығындағы қыз балаларды ерікті түрде вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Осы кезеңде вакцинаның бірінші дозасын 32,2 мыңға жуық жасөспірім алды. Вакцина алғандардың арасында вакцинадан кейінгі жағымсыз әсері тіркелмеген.