Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Фото: Видеодан алынған скрин
ERNUR.KZ. Бүгін сотта айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр. Ол өз сөзінде Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевты тепкенін растады.
Судья Нұрбол Тоқтаубаевтан Нұрқанат Ғайыпбаевты тепкен кезде жәбірленуші қандай күйде болғанын сұрады.
— Отырды ма, жатты ма есімде жоқ. Көз алдымда қалған бейнесі -бізге мылтық атып, анайы сөздерді айтқаны жадымда сақталып қалғаннан кейін төбелесуге шешім қабылдадым, — деді сотталушы.
Әрі қарай судья мен сотталушы арасында қысқа сұрақ-жауап болды.
— Жаңа ғана «мылтықты кім атқанын көрген жоқпын, тек қана естідім, кім тартып алғанын да көрген жоқпын» деп айттыңыз. Енді Ғайыпбаев мылтықты атты деп отырсыз, — судья.
— Ғайыпбаев мылтықты атты. Оның қолынан тартып алған азаматты танымаймын, — айыпталушы.
— Тартып алды, оның қолында қару жоқ, Ғайыпбаев жатыр. Сіз барып тептіңіз. Өз іс-әрекетіңізді дұрыс деп ойлайсыз ба? — судья.
— Дұрыс деп ойлаймын, құрметті сот. Себебі ол бізге мылтық атты, — айыпталушы.
— Сіз Ғайыпбаевты тептіңіз. Ал полиция қызметкерлері сізді ұрды дедіңіз. Олардікі дұрыс емес па? — судья.
— Аяусыздықпен ұрды, — айыпталушы.
— Ал сіз аяушылықпен тепкен жоқсыз ба? — судья.
— Ол жерде төбелес болды ғой. Ал біз полиция қызметкерлерімен төбелескен жоқпыз, — айыпталушы.
Бұған дейін сотта 4 қазан күні болған жанжал бейнежазбасы жарияланды.