Бауырлар арасындағы қайғылы жағдайдың мән-жайы белгілі болды.
ERNUR.KZ. Қарағандыдағы отбасылық қайғылы жағдайдың мән-жайы белгілі болды. Егіз бауырын өлтірді деп күдіктеліп жатқан азамат анасына жақтасып, сыңарын сабырға шақыруға тырысқан деп хабарлайды nur.kz.
"21 жастағы күдікті арада туындаған жанжал барысында егіз бауырына пышақ сұққанын мойындады. Жараланған жәбірленуші жедел жәрдем көлігі ішінде қайтыс болды. Аталған іс "Адам өлтіру" бабы бойынша тексерілуде", - деп хабарлайды Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға Пришахтинск ауданында орналасқан Медицинская көшесіндегі пәтердің бірінде орын алған. Көршілерінің айтуынша, егіз бауырлардың түрлері бір-біріне ұқсағанымен, шын мәнісінде екеуі екі түрлі болған екен.
"Қайтыс болған жігіт жиі ішетін, еш жерде жұмыс істемейтін және үнемі отбасында жанжал тудырып отыратын. Күдікті бауырын үнемі сабырға шақырып, анасын қорғаштап жүрген. Сол күні жәбірленуші қызып келіп, үй ішін басына көтерген. Ашу үстінде анасын ұруға оқталып, ішімдікке ақша талап еткен. Осыған бауыры шыдай алмаған сияқты", - дейді көршілері.
Қазір күдікті тергеу изоляторында. Ол кінәсін толық мойындады. Қылмыстык іске байланысты сараптама тағайындалды.
Еске сала кетсек, Қарағандыда жас жігіт егізінің қолынан қаза тапқанын хабарлаған еді.