Қыркүйекте әскери қызметшінің денесі Алматы облысындағы әскери бөлімнен табылған.
Фото: instagram.com/enlik_kaltaeva
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаев 19 жастағы мерзімді әскери қызметші Дінмұхаммедтің қазасына қатысты пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.
Қыркүйекте әскери қызметшінің денесі Алматы облысындағы әскери бөлімнен табылған.
"Қазір тергеу жүріп жатыр, кез келген пікір қате таралып, зиян келтіруі мүмкін. Бұл – ата-ана үшін үлкен қасірет, біз үшін де ауыр соққы. Біз, командирлер, әскерге келген әрбір сарбазды жеке танимыз. Бір жылдық қызметтегі барлық жетістігін бірге бөлісеміз. Ал мұндай сәттер бізге де өте ауыр, әсіресе қасында жүрген командирлер үшін. Қалай болса да, бұл ата-аналар үшін орны толмас қаза", - деді қорғаныс вице-министрі Серік Борамбаев.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі ресми жауап бермес бұрын тергеудің аяқталуын күтуді көздеп отыр.
"Әке-шешесіне қатысты айтарым: сарбаздар әртүрлі уақытта және әртүрлі елді мекендерден шақырылған. Бірақ бұл тақырыпты эфирде қайта көтергім келмейді - ол жақындары мен туыстарына еске салу болады. Тергеудің аяқталуын күтейік. Қылмыстық іс қозғалды, ол аяқталғаннан кейін барлық сұраққа ресми жауап береміз", - деп қосты министрдің орынбасары.
Оқиға қалай болған?
Марқұмның әпкесі Еңлік Қалтаеваның жазуынша, оның інісі Дінмұхаммед егіз ағасының артынан әскерге кеткен. Алдымен олар бір әскери бөлімде қызмет еткен, кейін біреуін басқа бөлімге ауыстырған.
"Олар бірге қызмет етті, бірақ ант бергеннен кейін Дінмұхаммедті Матибұлаққа, 01098 әскери бөліміне ауыстырды да, егізінен ажырап қалды, ал егіздерді бөлуге болмайды. Сол жерде қайғылы оқиға болды", – деп жазды ол.
17 қыркүйекте отбасы қайғылы хабар алған: Дінмұхаммед өмірден өтті.