Екі аяғынан айырылған Алуа ұлттық оңалту орталығындағы емін бастады

0
111

Бала медициналық киімдегі мамандарға сенімсіздікпен қарайды.


Екі аяғынан айырылған Алуа ұлттық оңалту орталығындағы емін бастады

фото: facebook

ERNUR.KZ. Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының басшысы Ажар Ғиният автобус апатында екі аяғынан айырылған Алуаның еміне бір топ маман кірісетінін айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Бейнет аяқ астынан келеді. Жақында кішкентай Алуа туралы жазып, біздің орталықта кешенді оңалту курсынан өтуді ұсынғанымызды жеткізген едім. Кеше Алуа анасымен бірге орталығымызға оңалту емін алуға келіп түсті. Бала өте тұйық, бейтаныс адамдарға, әсіресе медициналық киімдегі мамандарға сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан алғашқы күндері Алуамен психологтар мен физиотерапевтер жұмыс істей бастады. Жағдайына қарай біртіндеп дефектолог, ойын терапевттері, ЛФК нұсқаушылары және басқа да мамандар қосылады. Ем шипа болсын», - деді Ажар Ғиният.

Естеріңізге салайық, Астанада 2 маусым күні жолаушылар автобусы Республика даңғылымен келе жатып, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Жол апаты салдарынан 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала. Ауыр жарақат алған сегіз жасар қыз бала екі бірдей аяғынан айырылды. Зардап шеккен қыз бауырларымен бірге Астанаға қыдырып келген. Көпбалалы отбасы Ақмола облысындағы ауылда тұрады.

9 маусым күні елорда әкімдігі зардап шеккен баланың отбасына қаладағы жаңа тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады.