Белгілі заңгер Қазақстанда жалған куәлік дайындау индустриясы қатты дамып кеткенін мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Белгілі адвокат Абзал Құспан Qasqa Jol жобасының қонағы болып, Тұрсынбек Қабатовтың қызының ҰБТ-ға жалған құжатпен кіргені туралы елге жария еткен соң, оған тестілеудегі түрлі заңсыздықтар туралы хаттар келе бастағанын айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Мен ҰБТ-та заңсыз жолмен жоғары балл алудың орташа бағасын білдім. 1,5 – 2 млн теңгең болса, сіз 120-140 балл алып шығасыз. Кепілдігімен. Былай қарасаңыз, ҰБТ өтетін жерде Ұлттық қауіпсіздік қызметінен бастап барлық құқық қорғау органдары жүреді. Камералар орнатылған. Соның өзінде жолын табуға болады екен. Бұл республика бойынша қанат жайған мәселе», - деді Абзал Құспан.
Сондай-ақ, заңгер Қазақстанда жалған куәлік дайындау индустриясы қатты дамып кеткенін мәлімдеді.
«Жалған құжат әзірлеу өте оңай болып кетті. Қазір онымен айналысатын қылмыстық топтар белгілі болып жатыр. Менің естуімше, шамамен 1 млн теңгеге жеке куәлік дайындата аласыз», - деп айтты ол.
Еске салсақ, 15 маусымда түлектердің орнына ҰБТ-ға кірмек болған студенттердің есімі жарияланды. Ал, 15 тамызда заңгер Абзал Құспан белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Аманғалидың орнына ҰБТ-да тест тапсыруға басқа студент кіргенін жазды.