Оны дайындауға барлығы 53 миллион теңге бөлінген еді.
ERNUR.KZ. Осыдан тура бес күн бұрын облыс орталығындағы 52 млн теңгелік жаңа шыршаның шамдары жағылып, Ертіс өзенінің жағалауында мұз қалашығы ашылған еді. Бірақ арада бір апта уақыт өтпестен мұз қалашықтың біраз бөлігі еріп, суға айналды, деп жазады inbusiness.kz.
Кеше күні бойы толассыз жауған жаңбыр мен жылы ауа райы осыдан небары бес күн бұрын ашылған мұз қалашығын ерітіп жіберді. Ал оны дайындауға қалалық бюджеттен 53 миллион теңге жұмсалған болатын. Балаларға, тұрғындарға қуаныш сыйлайды деп жоспарланған қалашықтың бар-жоғы бірер күнде суға айналғанына кей қалалықтар қапалы. Есіл ақшаның тиімсіз жұмсалғанын да түсінбей дал. Бірақ жергілікті билік мұның барлығы жақын күндері қалпына келетінін алға тартып отыр.
"Бірден айтайық, 53 млн теңге тек мұз қалашығына жұмсалған жоқ. Биылғы қыстағы ауа райы ескеріліп, кейбір элементтер ғана мұздан жасалған болатын. Одан басқа фотоаймақ, түрлі иллюминациялар, жарық диодты безендірулер жасалды. Қомақты сома осының барлығына жұмсалды. Ал кешегі жағдайға келер болсақ, мұздан жасалған бір-екі элемент еріді. Яғни, лабиринттің екі-үш пайызы ғана еріп кетті. Ол ауа температурасы минус 5-10 градусқа дейін түскенде қайта қалпына келтіріледі", - дейді Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ғизат Смаилов.
Оның айтуынша, қалашықтың элементтері 5 желтоқсанда арнайы цехта дайындалып, 20 желтоқсанда орталық жағалауға жеткізілді. Сол уақыттан бері мамандар күнде мониторинг жасап, қалашықтың қалпын қадағалайды. Жаңбыр жауғанға дейін бұл аумақта серуендеп, сырғанақ тепкен балалар аз болмаған көрінеді. Ал күннің күрттің жылуы бірнеше элементті ерітіп жіберген көрінеді. Оның орнына қоятын мұз кесектері дайын. Ол үшін қазынадан қосымша қаржы бөлінбейді.
Жалпы, биыл Павлодар облысында қыс жылдағыдан әлдеқайда жылы. Синопниктердің айтуынша, мұндай ауа температурасы ширек ғасыр бұрын болған. Жаңа жылдың алдында болатын қатты аяз бен ақтүтек қарды осы жылы жаңбыр алмастырды. Бұған дейін де мамандар қыс кезінде әдеттегідей қатты аяз болмайтынын, жылы ауа райы күтілетінін ескерткен еді. Соған қарамастан, мұздан қалашық тұрғызылды. Енді күн тағы да жылынса, оның еріп кетпесіне кім кепіл?