Екібастұздағы төрт сәбидің оқиғасы: Бірқатар шенеуніктер қызметімен қош айтысты

0
477

Бұған дейін «Vita» қайырымдылық ұйымы жантүршігерлік жағдайда өмір сүріп жатқан балалар туралы хабарлаған болатын.


Екібастұздағы төрт сәбидің оқиғасы: Бірқатар шенеуніктер қызметімен қош айтысты

ERNUR.KZ. Екібастұзда тұрмысы нашар отбасында болған оқиға бойынша ішкі тергеу аяқталды, деп жазады Рavlodarnews.kz.

Тағы бірқатар шенеунік пен жауапты адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, екеуі енді өз лауазымдарын атқармайды. Жұмыс тобы сондай-ақ осындай жағдайларды болдырмау үшін ұсыныстар жасады.

Іс жүргізу нәтижесінде Екібастұз қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары С. Көжелдақов қызметінен босатылып, қызметтік тергеу барысында Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы С. Майдисаров қызметінен кетті.

Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары М. Маликоваға, Ақсу қалалық ауруханасының дәрігерлік амбулаториясының ЖТД меңгерушісі Б. Нұралдиноваға және Екібастұз қаласы ЖПҚ бөлімінің учаскелік Б. Кишевқа қатаң сөгіс жарияланды.

Екібастұз қаласы білім бөлімінің бас маманы Н. Байғұрманова, Ақсу қалалық ауруханасының директоры М. Мұқашев, «Дисконт» ӨК учаскелік дәрігері М. Алханова, «Дисконт» ӨК учаскелік медбикелері А. Сманқұлова және А. Жұмалиденова сөгіс алды.

Екібастұз қаласының №2 емханасының учаскелік дәрігері Н. Аждарова мен №2 Екібастұз қалалық емханасының учаскелік медбикесі Б. Ботагөзоваға сөгіс жарияланды.

Екібастұз полиция басқармасы ЖПҚ бастығы Т. Құдайбергеновке лауазымдық міндеттерін қатаң сақтау туралы ескерту жасады, ал Екібастұз полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қ. Шакарғалиевке қарамағындағылардың жұмысындағы кемшіліктерін көрсетті.

Жұмыс тобы өз жұмысының қорытындысы бойынша мыналарды ұсынды:

1. Білім басқармасы полиция органдарымен бірге ай сайын осы білім беру ұйымдары мен полицияның тірек пункттеріне өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасылар бойынша салыстырып тексеру жүргізсін және қалалардың білім бөлімдеріндегі қорғаншылық және қамқоршылық органдары мамандарының санын көбейтсін.

2. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы - өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға қолдау көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін бекітсін және жедел әрекет жасауға дайын болу, ерте анықтау топтарының, сараптама тобының қызметі туралы үлгілік ережені әзірлесін.

3. Денсаулық сақтау басқармасы - ЖПД учаскелерінде үш мейірбикесі бар патронаждың әмбебап-прогрессивті моделін іске асыруды қамтамасыз етсін, олардың бірі тек жүкті әйелдер мен ерте жастағы балалардың патронажымен айналысатын болады.

4. Полиция департаменті - жедел ақпарат алмасу және тиісті шаралар қабылдау үшін қоғамдық және волонтерлік ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жасау, тұрғылықты жері бойынша тіркеуді, оның ішінде уақытша тіркеуді қамтамасыз ету бөлігінде жұмысты күшейту.

Облыстық жұмыс тобына бейінді басқармалардың өкілдері мен басқа да сарапшылар кірді.

Еске салайық, бұған дейін «Vita» қайырымдылық ұйымы Екібастұз қаласы мемлекеттік органдарының өтініші бойынша көпбалалы отбасыға көмекке барған кезінде жантүршігерлік жағдайда өмір сүріп жатқан балаларды анықтағаны хабарлаған еді.

Олар тазаланбаған үйде, денсаулықтары нашар күйде өмір сүріп жатқан және соңғы үш күнде тамақтанбағаны белгілі болды. Отбасы 2019 жылы Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінен Екібастұз қаласына көшкен.

Кейін Павлодар облысының әкімі оқиғаға қатысты Екібастұзда кеңес өткізді. Сондай-ақ Екібастұз бен Ақсу қаласының әкімдері сөгіс алды.