48 жастағы ер адам 20 жылға сотталды.
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. 2024 жылдың мамырында Павлодар облысында жан түршігерлік қылмыс орын алған: 48 жастағы ер адам үйіне күшігін әкеп берген 14 жастағы оқушы қызды пәтеріне қамап алып, таң атқанша зорлаған әрі бәрін ұялы телефонына түсіріп алған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұл ауыр істі әйел тергеуші – Екібастұз қаласы полиция департаментінің аға тергеушісі Жаңылсын Сағадат тергеген. Зәбір көрген қыздың ата-анасы тергеушіге хат жаза отырып, жағдайды баяндаған.
«Істің мән-жайы былай болған: биыл 14 мамыр күні 14 жастағы оқушы қыз сыныптасымен бірге аялдамада отырған. Сол сәтте жандарына өздері танымайтын үлкен кісі келіп, іс-сапарға кетіп бара жатқан соң, күшігімді қарайтын адам жоқ деген. «Қаласаңдар, сендерге бере салайын» деген оның сөзіне алданған қыз күшікті қолына алады. Сол сәтте ер адам оған өзінің ұялы телефонын да жазып берген. Қыздың жақындары үйде күшік ұстауға қарсы шығып, оны иесіне қайтарып бер деген. Сол сәтте оқушы қыз әлгі ер адамға телефон соғып, күшігін сол алған жеріне апарып берейін деген. Арам ниетті адам «ауырып қалдым, күшікті үйіме әкеле салшы» деп алдаған. Оқушы қыз күшікті алып пәтерге кіргенде ер адам оны қамап алып, қорқытқан. Ата-анасына қоңырау шалдырып, «дос қызымның үйінде қонамын» деп айтқызған. Ең сорақысы, ол қызды зорлап қана қоймай, оның бәрін телефонға түсірген», - дейді дереккөз.
Оқушы қыз таңертең босай сала полицияға хабарласып, арыз жазған. Полиция оны бірден қолға түсіріп, жарты жылдай тергеген. Сот оқушы қызды зорлаған адамды 20 жылға соттады.