Министрдің айтуынша, 2021-2023 жылдары бұл салаға 6 млрд теңге қажет.
ERNUR.KZ. Қазақстанда 40 мың су айдынының тек үш мыңы ғана балық шаруашылығы тізбесіне кіреді. Осы ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкіметті балық шаруашылығын субсидиялауға шақырды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Қазақстанда 40 мыңнан астам су қоймасы - өзен, көлдер бар. Олардың үш мыңға жуығы балық шаруашылығы тізбесіне енгізілген. Оның 49 пайызы бекітілген, 51 пайызы бизнеске бекітілмеген. Бұдан басқа, негізгі бағыты өсімдік шаруашылығына су жеткізетін 300 су қоймасы бар. Бұл ретте балық саласының маңызы айтарлықтай болғанымен, олардың әлеуеті ашылған жоқ», - деді министр Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, 2021-2023 жылдары бұл салаға 6 млрд теңге қажет. Бюджеттік өтінім Қаржы министрлігіне жолданды.
«Субсидия көлемін нөлден 50 пайызға дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Ол балық өсіру құралдарын алуға, бағалы балық түрлерінің аналық-жөндеу табындарын сатып алу және ұстау үшін жұмсалады. Сондай-ақ жылына тауарлық балықты 40 тоннадан және одан жоғары өсіру үшін, сумен қамтамасыз ету бойынша жылына тауарлық балықты 20 тоннадан және одан жоғары өсіру үшін балық өсіру шаруашылығын құруға және кеңейтуге 25-тен 40 пайызға дейінгі субсидияларды арттыруды сұраймыз», - деді министр.