​Ел арасында Президент Тоқаевтың саяси бағытын қолдау жоғары деңгейде сақталып отыр

0
190

Зерттеу қорытындысы ел арасында Президентке сенімнің тұрақты жоғары деңгейде екенін айқын көрсетті.


​Ел арасында Президент Тоқаевтың саяси бағытын қолдау жоғары деңгейде сақталып отыр

ERNUR.KZ. Ел арасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағыты мен реформаларына деген қолдау деңгейі жоғары екені тағы бір мәрте дәлелденді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) жүргізген кең көлемді әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсетіп отыр.

Зерттеу ағымдағы жылдың 11 шілдесі мен 12 тамызы аралығында еліміздің барлық өңірлерінде өткізілген. Сауалнамаға 17 облыс пен үш ірі қала – Астана, Алматы және Шымкенттен жасы 18-ден асқан 8000 респондент қатысқан. Зерттеу еліміздің әр аймағындағы тұрғындардың Президент институтына және Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саяси бағытына деген сенім деңгейін бағалауға бағытталған.

Сауалнама нәтижелері бойынша, қазақстандықтардың басым көпшілігі мемлекет басшысына зор сенім артатынын білдірді. Респонденттердің 82,4 пайызы Президент Тоқаевтың қызметін қолдайтынын айтқан. Бұл көрсеткіш азаматтардың елдің қазіргі даму бағытын оң бағалайтынын және Президенттің реформаларына үмітпен қарайтынын дәлелдейді.

Жас ерекшелігіне қарай талдау жасалғанда, ең жоғары қолдау көрсеткен топ – 18 бен 29 жас аралығындағы жастар. Олардың 90,3 пайызы Тоқаевтың саяси бағытын оң бағалап, оны елдің болашағы үшін тиімді деп есептейді. Бұл – жастардың жаңа Қазақстан идеясын қабылдап, реформаларға белсенді қатысуға дайын екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Келесі орында – 30-45 жас аралығындағы азаматтар (82,4%), оларды 46-60 жас тобы (78,6%) және 61 жастан асқан азаматтар (77,8%) жалғастырады. Бұл тенденция әр буын өкілінің Президентке деген сенімінің жоғары екенін байқатады.

Сонымен қатар, зерттеу нәтижесі бойынша, ауыл тұрғындарының Президентке сенімі қала тұрғындарына қарағанда сәл жоғары. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 84,9 пайызды, ал қалаларда 80,9 пайызды құраған. Мұндай айырмашылық ауыл аймақтарында әлеуметтік бастамалардың нақты нәтижесін халықтың көбірек сезінуімен түсіндіріледі.

Табыс деңгейі мен қызмет саласына қарамастан, ел азаматтарының сенім көрсеткіші бірдей жоғары болып отыр. Әсіресе, кейбір кәсіби топтар арасында қолдау деңгейі ерекше байқалды. Мәселен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында бұл көрсеткіш 96,9 пайызға жеткен, яғни ең жоғары деңгейде.
Бұдан бөлек, білім беру саласының қызметкерлері – 89,6%, мемлекеттік қызметшілер – 87,1%, денсаулық сақтау мамандары – 84,5%, ауыл шаруашылығы өкілдері – 86,2%, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері – 85,9%, ал ғылым саласындағы мамандар – 85,7% Президенттің саясатын қолдайтындарын білдірген.

ҚСЗИ сарапшыларының пікірінше, бұл көрсеткіштер халықтың қазіргі билікке деген сенімінің тұрақтылығын және Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының өміршеңдігін дәлелдейді. Азаматтар әлеуметтік әділеттілікке, аймақтық дамуға, экономикалық тұрақтылыққа және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған саясатты оң қабылдап отыр.

Жалпы алғанда, зерттеу нәтижесі ел ішінде Президент институтына деген сенімнің тұрақты және жоғары деңгейде сақталып отырғанын көрсетті. Бұл өз кезегінде мемлекет басшысының бағыты мен қолға алған бастамаларының қоғам мүддесіне сай екенін, сондай-ақ жүргізіліп жатқан саясаттың нақты нәтиже беріп жатқанын айқындайды.

Осылайша, халықтың басым бөлігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуы жолындағы саяси бағытын қолдап, оны «Жаңа Қазақстанды» құрудағы сенімді басшы ретінде қабылдап отыр. Бұл – елдің бірлігі мен тұрақтылығының, сонымен қатар қоғам мен билік арасындағы өзара сенімнің берік негізі.